Елордадағы ақтүтек боран: Әбігерге түскен тұрғындардан әртүрлі видео тарап жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желілерде елордадағы ақтүтек боранға қатысты түрлі видео мен фото, тіпті жалған ақпарат та тарап жатыр. Ал Төтенше жағдайлар қызметі қажеттілік болмаған жағдайда тұрғындардың үйден шықпауына кеңес береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арқаның ақ бораны қарды бұрқыратып, ұйытқи соғып, бұл күнде елордалықтарды әбігерге салып-ақ тұр. Мәселен, Ғарыш орталығы ауданына жақын Тұран даңғылының бойында таңертеңгі тоғыздан бастап ұзын-сонар көлік кептелісі пайда болған. Тіпті кей адамдардың жұмысына асыққаны соншалық, көлігін жолға қалдырып кетіп, жаяу кетіп қалған.

Табиғаттың дүлей күші қаладағы қоғамдық көліктердің қозғалысына да кедергі келтіруде. Қоғамдық көліктерге жауапты «Астана ЛРТ» компаниясы тұрғындарды сақ болуға шақырып, көліктердің аялдамаларға кірмей қозғалатынын ескертті. Автобустарға қатысты видеолардың бірі Үшқоз кентінен тарады. Онда «Камаздың» батып қалуынан, автобустар жолға шыға алмай қалған.

Боранның қарқыны жолдағы көліктердің қозғалысын шектеп тұр. Жеңіл көлік түгілі кейбір жерде үлкен жүк көліктеріне де өту мүмкін емес.

Астанадан бөлек, бүкіл Арқада ұйытқып тұрған боранға байланысты өңірлерден де түрлі ақпараттар келіп жатыр. Мәселен, бір видеода Теміртау қаласының полиция басқармасының өкілі қалалықтарға жүгініп, қала ішінен сыртқа шықпауға кеңес береді.

Мамандар қала тұрғындарына көшеде бағандардан, ағаштардан, жарнамалардан, ЭЖЖ және сымдардан алыс жүруді, автокөлікті ағаштар мен ескі құрылыстардан алшақ қоюды, құрылыс алаңдарында мүмкіндігінше құрылыс-монтаж жұмыстарын шектеуді ұсынады. Сондай-ақ, өрт қызметі, полиция, төтенше жағдайлар департаменті, жедел медициналық көмек, коммуналдық қызметтер сияқты қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, ауа райының күрт нашарлауына байланысты және қайғылы жағдайларды болдырмау үшін мемлекеттік органдарға, білім беру мекемелеріне, кәсіпкерлік объектілеріне (базарлар, СОО), құрылысқа жұмыс күнін қысқарту ұсынылады.




Соңғы жаңалықтар