Елордадағы автосалондарда көлік тапшылығы байқалып отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы автосалондарда кейбір автокөлік модельдері бойынша тапшылық байқалып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Hyundai Astana орталығы менеджерлерінің айтуынша, қазіргі кезде қолда бар көліктердің барлығы сатылып кеткен. Жаңа автокөлік алатындар 2 ай немесе одан да ұзақ мерзім күтуі керек. Орташа есеппен 3-6 ай мерзімде жеткізіледі. Көлік алуға жеңілдікпен пайызы төмен несие беру бағдарламасы бойынша 8 мың адам кезекте тұр. Көліктердің орташа құны моделі мен жабдықталуы деңгейіне қарай 7 млн-нан 17 млн теңге дейін жетеді.

Ал KIA ресми дилерінің орталықтарында жаңа автомобильдер бойынша жағдай сәл жақсырақ. Менеджерлердің мәліметінше, жаңа көліктер бар болғанымен, 15 млн теңгеден жоғары бағада тұратын модельдерді ғана қолма-қол ақшаға сатып алуға болады. Құны 15 млн теңгеге дейінгі көліктер пайызы төмен несие беру бадарламасы арқылы өткізіліп жатыр. Жаңа көлік алуға кезекке тұрғандар саны 7 мыңға жуықтаған.

Сонымен қатар, Chevrolet көліктерін сататын салондарда да кейбір модельдер болмай тұр. Бұл жерде тапсырысты күту мерзімі 3-4 айға дейін барады.

Осы орталықтарда автокөлікті жеңілдікпен пайызы төмен несие беру бағдарламасы аясында алуға болады. Ол бойынша 4 пайыз сыйақы мөлшерлемесі белгіленген және көлік құны 15 млн теңгеден аспауы тиіс. Ал несие сомасы 10 млн теңгеден жоғары болмайды.

Қазіргі кезде Toyota-ның дилер орталықтарында көліктер бар болғанымен, алдағы уақытта жеткізудегі мәселелер бойынша Camry жеңіл көлігі мен RAV4 кроссоверінің тапшылығы байқалуы мүмкін. Себебі дәл осы модельдер Қазақстанға Ресейден тасымалданады. Ал Ресейдегі зауытта көлік құрастыру уақытша тоқтап қалған. Ресейлік БАҚ-тың ақпаратынша, зауыт уақытша тоқтаған және бұл жағдай өндірістік тізбек пен экспорт арналарындағы проблемаларға байланысты. Бұл брендтің Ресейден кетуі туралы талқылаулар болмаған.

Мұнымен қоса, Lexus брендінің көліктері сатылатын салондарда да тапшылық тіркелген. Менеджерлер тапсырысты күту мерзімі 3-тен 9 айға дейін жететінін айтып отыр. Елордадағы дилер желісінің салондарында LADA автомобильдерінің шектеулі көлемі қалған. Осы орайда менеджерлер көліктерді жеткізу бұрынғы көлемге қарағанда азайғанын атап өтті.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Исабековтың пайымынша, автомобиль өнеркәсібіне қатысты қиындықтардың бірнеше факторы бар. Бұл ретте геосаяси ахуал, Ресейге қарсы енгізілген санкциялар, сондай-ақ логистика проблемалары жағдайды ушықтырып отыр. Мәселен, көлік құрастыруға қажет бөлшектер мен Қытайда жасалатын микрочиптерді жеткізуде қиындықтар сезіліп отыр. Осының салдарынан жаңа көліктердің өндірісі 27-28 пайызға қысқарды. Бұл өз кезегінде әлемде автомобиль құнының 17-18 пайызға қымбаттауына ықпал етті. Қазақстанда автокөлікке деген сұраныс жылына 600-700 мыңға жетеді.

«Биылғы 16 мамырдан елімізде құрастырылатын көлікті сатып алуға 4 пайыз деңгейінде жеңілдікпен несие беруге өтінімдер қабылдана бастады. Дегенмен бұл қадамдар біздің нарықтағы автокөлік тапшылығы проблемасын шеше алмайды. Егер жыл сайын елде көлікке сұраныс 600-700 мыңға жететінін ескерсек, онда пайызы төмен несие беру бағдарламасы арқылы 10 мың автокөлікті сату мәселені шеше алады деп айуға келмейді. Атап айтқанда, адамдардың біразында бұл несиені алуға мүмкіндігі де жоқ. Бірнеше ай бойы күтіп отыруға көбісі келісе бермеді. Логистика проблемасы мен құжатты рәсімдеу процесіне көп уақыт керек. Сонымен қатар, әлемде автомобиль өндірісі көлемі қысқарғанын ескерсек, автокөлік орталықтарында машиналар күрт азайған. Сондықтан көлік сатып алу үшін кезекте біраз уақыт тұру керек», - деді сарапшы.


Соңғы жаңалықтар