Елордадағы музыкалық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры тағайындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордамызда ашылған Мемлекеттік музыкалық балалар мен жасөспірімдер театрына директор болып Асхат Маемиров тағайындалды.

Бұл туралы театрдың баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Асхат Максимұлы Маемиров - елімізге танымал театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Өнертану PhD докторы, профессор, «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі.

А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетін және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын «театр режиссері» мамандығы бойынша үздік аяқтаған.

2008 жылы «Болашақ» халықаралық стиипендиясымен Сорбонна университетінде және Париж ұлттық өнер консерваториясында білімін жетілдірді. 2010 жылы Ресей театр өнері академиясының (ГИТИС) магистратурасын тәмамдады.

2016 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ғылыми кеңесінде «Қазақстанның театр режиссурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, өнертану бойынша «Философия докторы» ғылыми дәрежесіне ие болды.

Еңбек жолын 1997 жылы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында қоюшы-режиссер болып бастады. Әр жылдары «Қазақстанның рухани даму қоры» АҚ вице-президенті, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы «Қазақ әуендері» АҚ президенті болып қызмет етті.

Елімізде тұңғыш рет ашылған «Astana Musical» мемлекеттік театрына көркемдік жетекшілік жасады. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының бас директоры, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры қызметтерін атқарды.

А.Маемиров 2018-2019 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болды. Осы уақытқа дейін Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры болып еңбек етті.

Асхат Маемиров мемлекеттік және халықаралық ауқымдағы сексеннен астам мәдени іс-шаралардың режиссері болды. Қазақстанның театр сахналарында жиырмадан астам қойылымдарды сахналап, республикалық және халықаралық өнер фестивалдерінің бірнеше мәрте лауреаты атанды.

Фото:kerey.kz
Соңғы жаңалықтар