Елордадағы жарылыс: 23 адам ауруханада жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы дәмханада орын алған газ баллоны жарылысы салдарынан ауруханада 23 адам жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлығы 35 адам зардап шекті. Олардың барлығы бірден қалалық стационарларға жеткізілді. Медицина мамандарының тексеруінен кейін 23 адам ауруханаға жатқызылып, жеңіл-желпі жарақат алған 11 адам амбулаторлық ем алуға жіберілді», - деді басқармадан.

Ведомство мәліметінше, түрлі деңгейде күйік шалып, орташа деңгейде газға уланып қалған пациенттер №1 және 2 қалалық көпбейінді ауруханаға, ал жарақат алып, миы шайқалған науқастар қалалық ауруханалардың бейінді бөлімшелеріне жатқызылған.

Кеше елордада дәмханалардың бірінде газ баллоны жарылып, 1 адамның қаза тапқанын хабарлаған едік.

Осы оқиғадан кейін қаза тапқан қыздың отбасына көмек көрсетілетіндігін айтқан Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаментіне қаладағы басқа да қоғамдық тамақтану нысандарын өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын тексеруді тапсырған болатын.




Соңғы жаңалықтар