Елордаға азық-түлік қажетті көлемде жеткізілуде – қала әкімдігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Карантин кезеңінде елордаға азық-түлік тұрақты жеткізіліп жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі сауда және қызмет көрсету саласын дамыту бөлімінің жетекшісі Руслан Ыдырысов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, карантин режімінің күшейтілуіне байланысты әлеуметтік желілерде елордадағы әлеуметтік маңыздағы азық-түлік көлеміне қатысты түрлі пікірлер тарауда.

«Бүгінде елорда бойынша азық-түлік жеткізу тұрғысында ешқандай проблема жоқ. Өнімдер күн сайын тұрақты жеткізілуде. Орташа алғанда, айына қалаға 77,4 мың тонна өнім керек. Оның ішінде 19 әлеуметтік маңыздағы өнім бойынша 39 мың тонна қамтылады. Қалада ресми түрде 80 наубайхана жұмыс істеп тұр, ал жалпы олардың саны 150-180 аралығында. Сондықтан нан күнделікті дүкендерге жеткізілуде», - деді Р. Ыдырысов агенттік тілшісіне.

Сонымен қатар коронавирус инфекциясымен күрес бойынша штаб құрылғанын, оның құрамында қалада азық-түлікті жеткізуге жауапты топтар бар екенін еске салды.

«Мониторинг барысында нарыққа азық-түлік жеткізуде ешқандай кедергілер жоқ. Қала тұрғындары қажетті өніммен толықтай қамтамасыз етілген», - деді ол.

Осы орайда ет өнімдері де күн сайын жеткізіліп жатыр. Сонымен қатар, Ақмола және Қарағанды облыстарынан күнделікті сүт өнімдері тасымалдануда.

Р. Ыдырысовтың айтуынша, кәсіпорындардың көбісі өнімді бұрынғы деңгейде өндіріп жатыр.

«Атап айтқанда, бұл бағытта ешқандай кедергілер байқалмады, сәйкесінше, алаңдаудың реті жоқ. Штаб тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Аталған топтар азық-түлікпен қалаға кірген көліктерге тұрақты мониторинг жүргізуде», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, наурыз айының орта кезінде Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қоймалардағы азық-түлік қоры туралы айтып берді.


Соңғы жаңалықтар