Елордалық келіншек коронавирустан айығып, қыз баланы дүниеге әкелді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - №1 көпсалалы аурухана дәрігерлері қажырлы еңбегінің арқасында 39 жастағы әйел мен оның жаңа туған сәбиінің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

24 маусымда емхананың акушерлік бөлімшесінде вирустық пневмония (80% зақымдану), интоксикация синдромы және артериялық гипертензия салдарынан тыныс жетіспеушілігімен ауыр халде жүкті әйел келіп түсті.

«Қабылдау кезінде әйелдің жүктілік мерзімі 34 апта 6 күн болған. Оған COVID-19-дың ауыр түрі, екі жақты полецегментті пневмония, сондай-ақ қалыпты преэклампсия диагнозы (жүкті әйелде жоғары қан қысымының болуы) қойылған болатын», – дейді аурухана қызметкерлері.

Дәрігерлер бірден-бір дұрыс шешім қабылдап, кесар тілігін жасады. Салмағы 2,3 келі болатын шала туған қыз бала дүниеге келді. Нәресте дереу реанимация бөліміне ауыстырылып, оған интенсивті бақылау мен емдеу жүргізілді.

Сонымен бірге дәрігерлер ана өмірі үшін күресті. Операциядан кейін ол реанимация және интенсивті терапия бөліміне орналастырылып, онда 12 күн жатты. Жеті күн бойы ол өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныс алды.

Жағдайы тұрақтанғаннан кейін емдеу қарқынды бақылау палатасында жалғасты.

Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің күш-жігерінің арқасында ана мен бала үйге шығарылды.


Соңғы жаңалықтар