Елордалық мекемеде карантин талаптарына қарамастан 500-ге жуық адам болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық мониторингтік топтар тәулік бойы күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда.

Көптеген ескертулерге, жауапқа тартылатынына қарамастан, қала мекемелерінде карантин шектеулері әлі де бұзылып, келушілер мен қызметкерлердің денсаулығына қауіп төндіруде, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

11 қыркүйекте мониторингтік топтар елорданың 12 мекемесінде карантин талаптарының бұзылғанын анықтады.

Ең көп бұзушылар Есіл ауданында тіркелді - 6 нысан. Тексеріс кезінде «Zima» барлар галереясында 500-ге жуық адам болған. «Cabera» гриль-барында, «Панаехали» барында, «Khan El-Khalili» кафесінде, «Мята Platinum Nursaya» ресто-барында, «Tequila» барында жұмыс режимі сақталмаған.

Алматы ауданында «Киш Миш» кафесі, «Tema» компьютерлік клубы, «Панаехали» атмосфералық бары және «Что Будет Дальше» караоке-бары карантин бұзушылар тізіміне енді.

Сарыарқа ауданында орналасқан «Амарин» және «Шашлыкофф» мейрамханаларында да карантин шектеулері ескерілмеді.

Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған барлық материалдар әкімшілік сипаттағы шаралар қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органға берілді.

Айта кету керек, COVID-19 вирусын жұқтырғандар санының төмендеуіне қарамастан, елорда эпидемиологиялық жағдайды бағалау бойынша әлі де «қызыл» аймақта қалып отыр. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтары санитарлық нормаларды қатаң сақтауы керек: маска режимі, әлеуметтік қашықтық, қол гигиенасы.

Азаматтар өздерінің және айналасындағылардың денсаулығын сақтау үшін коронавирусқа қарсы вакцинациядан өтуі керек, өйткені вакцинамен иммундау қауіпті вируспен күресудің жалғыз тиімді әдісі болып табылады.


Соңғы жаңалықтар