Елордалық жедел жәрдем стансасы 52 жаңа көлікпен толықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласындағы жедел медициналық көмек стансасы 52 жаңа автокөлікпен толықты. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

25 желтоқсанда ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жедел медициналық жәрдем стансасына 52 жаңа автокөліктің кілтін тапсырды.

«Жақында республикалық бюджет есебінен тағы 22 жаңа көлік келеді», - деді Елжан Біртанов.

Бұл - Денсаулық сақтау министрлігінің жергілікті атқарушы органдармен бірлескен 103 қызметін ұлттық стандарттар мен халықаралық талаптарға сәйкес жабдықтауға арналған ауқымды бағдарламасының бастамасы.

Барлық автомобильде заманауи жабдықтар, соның ішінде дефибрилляторлар, электрокардиограф, өкпені жасанды желдету аппараттары, оттегі баллондар бар. Бағдарлама аясында 2020 жылдың алғашқы айларында өңірлерге 800-ден астам санитарлық көлік жеткізіледі.

Шараға Денсаулық сақтау министрі және шұғыл медицинаның ұлттық үйлестіру орталығының және астаналық әкімдіктің өкілдері қатысты.

Жаңа автомобильдер Нұр-Сұлтан қаласы жедел медициналық көмек қызметінің автопаркін 100 пайыз толықтыруға, 103 қызметі жұмысының жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, министр «Нұр-Сұлтан» жедел жәрдем стансасының ұжымымен кездесіп, дәрігерлер жалақысы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап - 30 пайызға, медбикелер жалақысы - 20 пайызға көтерілетінін хабарлады.

Соңғы жаңалықтар