Елордалықтар Микеланджело Пистолеттоның өнер инсталляциясын тамашалай алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына орай және COVID-19 індетіне қарсы жаһандық күресті қолдау мақсатында әлемге әйгілі суретші Микеланджело Пистолеттоның «Үшінші жұмақ» өнер инсталляциясының онлайн тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жоба Қазақстандағы БҰҰ мен «Artios» креативті агенттігі және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл уақытқа дейін әлемнің жетекші өнер алаңдарында қойылған италиялық атақты суретші Микеланджело Пистолеттоның авторлық туындысы Қазақстанда тұңғыш рет таныстырылды.

Өршіп келе жатқан COVID-19 дағдарысы кезінде «Үшінші жұмақ» адамдарды өздері қалайтын болашақ туралы сұхбатқа шақырады және тұрақты қоршаған ортаны құруға, оны саналы тұтынуға ұмтылу қаншалықты маңызды екенін үнемі еске салады. Микеланджело Пистолетто осы символдың идеясын соңғы он жыл барысында белсенді дамытуда. «Үшінші жұмақ» – адамзаттың тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ұмтылысын көрсететін технология мен табиғат арасындағы теңгерімді байланыс ретінде іске асырылған адамзат дамуының үшінші кезеңі», - дейді ұйымдастырушылар.

«Инклюзивті өсу, гүлдену және қауіпсіз өмірді орнату бейбітшілік пен қоғам белсенділігіне тәуелді. Бейбіт қоғамда адамдар өздерінің ішкі қарама-қайшылықтарын еңсеру үшін бірге жұмыс істейді. «Үшінші жұмақ» 2015 жылы барлық мемлекеттер қабылдаған, соның ішінде Қазақстан да атсалысқан 17 Тұрақты даму мақсатының және барлығымыз қол жеткізуге ұмтылатын бірліктің көркем көрінісі болып саналады», - дейді Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура.

Жақында COVID-19 дертінен жазылған Микеланджело Пистолетто қазақстандықтарға арналған сөзінде: «Өнер туындымды сіздерге таныстыру мен үшін үлкен мәртебе. «Үшінші жұмақ» дегеніміз – тепе-теңдік, бірлік және үйлесім. Осы белгі сіздердің еліңізге үлкен сәттілік алып келеді деген сенімдемін», - деді.

«Үшінші жұмақ» - бұл заманауи өнер мен Ұлы дала көшпелі мәдениетінің дәстүрлі материалдарының үйлесімі. 40 метрлік инсталляцияны құру кезінде тек жергілікті материалдар, атап айтқанда, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің санын бейнелейтін 193 шаршы метр ақ киіз бен арнайы кестеленген басқұрлар пайдаланылды. Олардың әрқайсысында шексіздікті бейнелейтін оюлар жоба мағынасын аша түседі.

Математикалық шексіздік белгісінен шабыттана отырып жасалған өнер туындысы қарама-қайшылықтарды жеңу, тұрақты даму жолдарын табу, бейбітшілік құруға атсалысуды білдіретін табиғат, технология және жаңа кезең әлемдерін бейнелейтін үш шеңберден тұрады. «Үшінші жұмақ» тұжырымдамасының маңызды бөлігі антропоцентрлік сананы сынға алып, экологиялық таза ойлау бейнесі болып саналады, ол сондай-ақ БҰҰ қызметінің негізгі идеялары мен бағыттарын көрсетеді.

«Инсталляцияны жасауда қолданылған киіз экологиялық саналы өнерді бейнелейтін Арте Повера қозғалысының табиғи материалдарды пайдалану идеясын жалғастыруда. Бұл нышан шындықты өзгертеді және пандемия кезеңінде барлық елдер үшін осы қиын-қыстау күндерде үн қататын, бірлік пен тұрақты дамуды бейнелейтін әлемді қайта құру туралы ғаламдық идеялардың жаршысы болып табылады», - деп атап өтті инсталляция кураторы, Artios креативті агенттігінің директоры Дина Байтасова.

Көркемөнер инсталляциясы ашық алаңда Нұржол бульвары, ҚРПрезидентінің резиденциясы – Ақорда алдындағы амфитеатрда орналасқан. Келесі екі ай бойы көрермендер назарында болады. Жоба аясында онлайн режимінде бірнеше танымдық семинарлар, мастер класстар және UN75 диалогтарын өткізу жоспарлануда.

«Үшінші жұмақ» жобалары осыған дейін Луврда (Париж), БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінде, Брюссельдегі Еуропалық одақ Кеңесінде, Миланда, Токиода және әлемнің көптеген басқа қалаларындағы көрмелерінде жүзеге асырылған.

Микеланджело Пистолетто (1933 жылы 23 маусымда дүниеге келген, Биелла, Италия) – ХХ ғасырдың заманауи өнеріне әсер еткен біздің заманымыздың ең атақты суретшілерінің бірі. Аты аңызға айналған итальяндық суретші – Arte Povera қозғалысының негізін қалаушылардың бірі. 90-жылдары ол «Читтадельарте» (Өнер қаласы) көп салалы жобасын жасады. 2003 жылы Венеция биеннале көрмесінде Алтын арыстан жүлдесіне ие болды.


Соңғы жаңалықтар