+7 (701) 759 90 19
USD 389.81 EUR 430.27
RUB 6.06 CNY 54.91
Jańalyqtar

Елорданы дамыту туралы жиында Президент қандай тапсырмалар жүктеді

2019 жылғы 8 қазан 18:07
Бөлісіңіз:
Елорданы дамыту туралы жиында Президент қандай тапсырмалар жүктеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүкіл әлемге Назарбаев моделі немесе Қазақстан жолы деп мойындалған стратегия бастау алған бас шаһарымыз Нұр-Сұлтан қаласы егемен еліміздің негізгі әрі аса маңызды жобасы саналады. Қазіргі уақытта ірі саяси-экономикалық, мәдени және білім орталығы болып қалыптасқан елордамызға еліміздің ең жоғары билігі тарапынан да үнемі жіті назар аударылып отыратындығы да сондықтан. Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжіліс өткізіп, қаланың бірқатар проблемасына тоқталып, оларды шешуге бағытталған нақты тапсырмалар берген еді.

Ұқсас жаңалықтар
Тоқаев елордада жаяу жүргіншілер үшін өтпе жолдарды арттыруды жүктеді «Сергек» жүргізушілерден айыппұл өндіру үшін ғана қолданылуда - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың архитектуралық келбетін сынады

Үлескерлер мұңы Мемлекет басшысына жетті

Мәжіліс барысында Мемлекет басшысы елордада тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны мен құрылыс жұмыстары көлемінің құлдырауы байқалып отырғандығына алаңдаушылық танытты. «Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үйлерді салып, пайдалануға беру - бүгінгі күннің өте өзекті мәселесі. Бұл – аса өткір әлеуметтік проблема. Осы тұрғыда қарастыру қажет. Көптеген түсінік беруге болады. Бірақ, жасаңдар!»,- деп ескертті Қазақстан Президенті.

Осыдан кейін Мемлекет басшысы қала әкімі Алтай Көлгіновке тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны мен құрылыс жұмыстары көлемін арттыруды тапсырды.

«Үлескерлік мәселесі де жедел шешуді қажет етіп отыр. Қалада 49 проблемалық нысан қалып отыр. Олардың құрылысының аяқталуын 13 500 үлескер күтуде. Бұл проблеманы шешуге 2018-2019 жылдары 40 млрд теңге бөлінді. Бірақ, небәрі 4,5 млрд теңгесі ғана игерілген. Бұған қоса, әкімдік қосымша 170 млрд теңге сұрайды», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Мемлекет басшысы ҚР Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне үлескерлердің ақшасынан қалтасына басып халықты зар қақсатқан алаяқ құрылысшылардың мәселесімен нақты айналысуды тапсырды.

«Алаяқтар түрмеде отыруы тиіс. Өйткені, олар өздерінің іс-әрекеттерімен азаматтарымыздың негізгі құқықтарына қастандық жасап отыр. Азаматтарымызды алдап, оларды далада қалдырады. Мұндай жағдайда мемлекет те араласпай қалмауы керек. Әрекет етіңдер де, баяндаңдар!», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Жалпы, жеке қаражатқа салынған тұрғын үйлердің дер уақытында пайдалануға берілмеуіне олардың инженерелік желілерге қосылуына кедергілердің болуы да теріс әсерін тигізіп отыр. Мәселен, «Premium Development Life Park» ЖШС салған үй қосылуы тиіс электр желісі «Сарыарқа« велотрегінің аумағында болған. Ал велотрек басшылығы компанияны өз аумағына жібермеген.

»Велотрек басшылығы жоғары вольтты жабдықтар мен кабельдерді «Астана РЭК» АҚ-ның балансына беру қажеттігін айтқан. Осындай әуре-сарсаңның салдарынан жеке қаражатқа салынған жалпы ауданы 30 мың шаршы метрді құрайтын 340 пәтерлік тұрғын үй 8 ай бойы пайдалануға берілмеген. Бұл – жол беруге болмайтын жағдай деп есептеймін. Бөлінген учаске барлық желілерге қосылып, дайын болуы тиіс. Алтай Сейдірұлы, инженерлік желілерге қосылу мәселесін тәртіпке келтіру қажет», - деді ҚР Президенті елорда әкімі Көлгіновке қарата.

ЛРТ дауы, құрылысы 9 жылға созылған ЖЭО

Қаражаты банкротқа ұшыраған «Астана» банкінде қалып қойып, құрылысы іркілген елорданың жеңіл рельсті трамвай құрылысы да Президенттің назарынан тыс қалған жоқ. Мұндай жобаның бастапқы кезден-ақ мақсатқа сай болмағандығын айтқан Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне бұл істі тергеуді жеделдетуді тапсырды. Үкімет пен әкімдіктің қолқалауымен және халықаралық міндеттеме болғандықтан амалсыз жүзеге асыру қажеттігін де атап өтті.

«Мұндай жобаны қалай жүзеге асыруға рұқсат берілгендігін мүлдем түсінбеймін. Үкімет пен әкімдікке ЛРТ бірінші кезеңін аяқтаудың нақты мерзімін, екінші кезеңін аяқтаудың кестесі мен тетіктерін анықтауды тапсырамын. Амал жоқ», - деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы елордада энергетика нысандары құрылысының дер уақытында аяқталмау проблемасына да назар аудартты. Мәселен, құрылысы 2010 жылы басталған 3-Жылу электр стансасы биыл пайдалануға берілуі тиіс болатын. Бірақ, іске қосу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Енді жобалық-сметалық құжатына түзету енгізілмек. Соның салдарынан жоба 1,5 есе қымбаттап отыр. Сомасы да аз емес, 40 млрд теңгеден асып жығылады. Ал қаладағы жылу энергиясының тапшылығы аясында үшінші жылу электр стансасының дер уақытында пайдалануға берілмеуі бизнестің дамуын баяулататындығы сөзсіз. Бұған қоса, қаланың энергетикалық жүйесін «Сарыарқа» газ құбырына қосуда түйткілдің бар екендігі анықталған.

«Бұл – мүлдем түсініксіз мәселе. Қалай орын алған? Осы жылға көзделген 2,7 млрд теңге басқа өңірлердің арасында қайта бөлінеді. Оған қоса, біз ең бірінші кезекте, дәл осы елорданы газдандыру жайында ойлауымыз керек еді. Өйткені, қыста не орын алатынын жақсы білесіздер: қала түтінге оралып, ең алдымен, тұрғындардың, сондай-ақ дипломатиялық корпус алдында ыңғайсыздық туындайды», - деді Тоқаев.


Қымбат азық-түлік, сапасыз ауыз су

Осыдан бірнеше жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бас қаланың тұрғындарын арзан әрі сапалы ауыл шаруашылығы тауарларымен қамтамасыз ету үшін тиісті әкімдіктер мен ведомстволарға астананың азық-түлік белдеуін құру туралы тапсырма берген болатын. Бұл бағытта нақты жұмыстардың жүргізіліп жатқандығы да белгілі. Алайда ол қалаға оң әсерін әзірше тигізе алар емес. Дәл осы мәселені бүгінгі мәжілісте көтерген Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында азық-түлік және күнделікті өмірге қажетті тауарлардың бағасы қымбат екендігін айтты.

«Нұр-Сұлтан қаласында азық-түлік және күнделікті өмірге қажетті тауарлардың бағасы қымбат екенін айту керек. Бұл белгілі мәселе. Мысалы ұн бағасы елдегі орташа бағадан 18,2 процентке, сүзбе 17 процентке, пияз 14,5 процентке, күнбағыс 9,6, сиыр еті 6,7 процентке жоғары. Бұл қалада тиісті инфрақұрылым және азық-түлік белдеуі орнықпаған деген сөз», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің мәліметінше, елордада сауда орындары тапшы. Ұйымдастырушылар көбіне белгілі бір саудагерлерге ғана мүмкіндік береді. Яғни, бәріне бірдей жағдай жасалмайды. Елорда әкімдігі мен көршілес облыстар арасындағы байланыс өз деңгейінде емес.

«Нұр-Сұлтан қаласының әкіміне Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, тауар өндірушілер мен сауда желілері арасында тікелей байланыс орнату мәселесін реттеуді тапсырамын», - деді Қ.Тоқаев.

Осыдан кейін ҚР Президенті қала тұрғындары ауыз су сапасы мәселесін бірнеше мәрте көтергенін, 20 қыркүйекте әлеуметтік желі арқылы азаматтар судан шығып тұрған жағымсыз иіске шағымданғанын айтты.

«Бірақ, елордалық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті тарапынан түсіндіру бір аптадан кейін, 27 қыркүйекте ғана болды. Неліктен шұғыл әрекет етпейді? Біреулермен жауабын келісе ме? Басты мәселе елеп-ескеру емес, бұл мәселені шешу. Бұл да біздің сөздерімізбен қабыспайды ғой. Біз елордамызды басқаша мақтаймыз, ал суы басқа түрде мүңкиді», - деді Мемлекет басшысы.

«Сергек» сергектік танытпай отыр

Қасым-Жомарт Кемелұлы елордадағы қылмыстық ахуалға да тоқталды.

«Елордада беті ашылған есірткі қылмыстары 7 пайызға артқаны байқалады. Мен Жолдауымда есірткі таратумен және сатумен айналысатын тұлғаларға қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейту қажеттігі туралы айтқан едім. Таяу уақытта Үкімет депутаттық корпуспен бірге заңнамамызға тиісті өзгертулер енгізеді деп күтемін», - деді Мелекет басшысы.

Қазақстан Президенті есірткі дилерлерін қатаң жазалау қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар елордада жол апатының ұлғайып кеткендігіне назар аудартты.

«Жол-көлік апаттарының саны 15,5 пайызға, олардан зардап шеккендер 42 пайызға көбейді. Автокөліктерді ұрлау 20 пайызға артты. Дабыл қағарлық деректер. Құқыққорғау органдары жағдайды жақсарту бойынша қажетті шараларды қабылдауға міндетті. «Сергек» жобасы қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін толық көлемде пайдаланылмайды. Басымдық жүргізушілерден айыппұл өндіріп алуға ғана жасалып отыр. Ал әкімдік пен бүкіл Үкіметтің міндеті – бұл бүкіл қаланы цифрландыру», - деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы елорданың қоғамдық көліктерінің жетіспеушілігі, автобус бағдарларының бұралаңдығы, жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне де жан-жақты тоқталып өтті.

«Елорда тұрғындарының төрттен бірі қоғамдық көліктің бағдар кестесіне көңілдері толмайтындығын білдіреді. Себебі, көптеген бұралаң бағдарлар жолға кететін уақытты ұзартып жібереді. Сонымен қатар елордалықтар салондардың тарлығы мен лық толы болатындығын атап өтеді. Автобус бағдарларының жүктемесі мен сұранысына сараптама жасау, жүктемесі ең көбін анықтау және әсіресе қауырт уақытта оларды қосымша автобустармен күшейту қажет», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, қаланың көптеген ауданында абаттандырылған жаяу жүргіншілер жолағы мен өтпесі жоқ. Бұл, жаяу жүргіншілердің өмірі мен денсаулықтарына қатер тудырады.

«Шындығында машиналар жүріп жатады және адамдар көшені қиып өте алмайды. Жолдан жүгіріп өтіп, жол қозғалысы ережесін бұзуға мәжбүр болады. Сол арқылы өзіне де, жүргізушіге де тәуекел тудырады. Барлық өркениетті қалаларда жаяу жүргіншілерге арналған өтпелер бар. Сіздер жүргізушілер үшін жағдай жасап, қала тұрғындарының қажеттігіне қамқорлық танытпай отырсыздар. Міне, сондықтан олар жолдан жүгіріп өтеді. Сіздер осындай дұрыс жобалармен айналысып, көпірлер, өтпелер салыңыздар. Жаһанданумен әуестенудің қажеті жоқ», - деді Президент.


ҚР Президентінің пайымынша, Нұр-Сұлтан өмір сүруге барынша қолайлы, төрт құбыласы сай қала қағидаты бойынша дамуы тиіс. Қала ұлғайған сайын тұрғындардың тұрмыс сапасындағы алшақтық та артады. Тіпті, жолы және коммуникациясы жоқ, абаттандырылмаған жер телімдері орталық көшелерге іргелес орналасқан. Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар тұрғын алаптарында сумен қамтамасыз ету, кәріз желілері әлі күнге дейін орталық жүйеге қосылмаған. Бұған жергілікті тұрғындар наразылық білдіруде. Қала шетіндегі жолдардың 36 пайызы нашар, асфальт төселмеген. Сондықтан күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Көшелердің 20 пайыздан астамында жарық жоқ. Мұндай келеңсіздік қылмыстың артуына әкеледі.

«Үкімет пен әкімдікке қаланың барлық аудандарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», - деді Қ.Тоқаев.

Ғимараттарды рәсімдеудің дизайн-коды әзірленеді

Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың сыртқы келбетіне қатысты да сын айтты.

«Елордада қала құрылысының бірыңғай саясаты жоқ. Бұл, бірқатар ауданда ретсіз, бейберекет құрылыстарға алып келеді. Көшелер мен ғимараттарды рәсімдеудің бірыңғай үйлесімді стилі жоқ. Сіздер елорданы көру үшін арнайы келген туристердің пікірлерін естіген де шығарсыздар. Толықтай алғанда, олар әрине, оң пікірлер. Бірақ, қалада эклектиканың да жоқтығын атап өтеді», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысының пайымынша, мұндай нысандарда жайлылық болмайды.

«Бір ғимарат бір стильде, екіншісі басқа стильде салынған. Ең бастысы, жайлылық жоқ. Плиталары ұшып, асфальт жарылып жатыр. Жасыл өскін аз. Жалпы, қаланы қадағалап, күтіп ұстамайтындай сезім қалыптасады. Қожайыны жоқ», - деді Қ.Тоқаев.

Президент бұл мәселені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бірнеше мәрте айтқанын еске салды.

«Алыстан сәулетті ғимарат жаман көрінбейді. Ал жақын келіп қарасаң, «шаршап» қалғаны көрініп тұрады. Қожайын керек. Ең алдымен, аудан әкімдері қожайын болуы тиіс. Олар кабинетте отырмай, жаяу жүріп, тұрғындарын, әрбір ғимараттың тыныс-тіршілігін, белгілі бір ғимаратта тұрып жатқан адамдардың өмірін білуі қажет. Кабинетте кешкі сағат 6-7-ден кейін қажетті құжаттарға қол қою үшін отыруға болады. Кеш болмай тұрғанда қала көшелері мен ғимараттарын рәсімдеудің бірыңғай дизайн-кодын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің әкімдікке қатаң тапсырмам», - деді Мемлекет басшысы.

Жиын барысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, ҚР Президентінің көмекшісі - ҚР Президентi Әкiмшiлiгiнiң Өтiнiштердi қарауды бақылау бөлiмiнiң меңгерушiсi Аида Балаева баяндама жасады.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Марлан Жиембай

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT