Елорданың бас санитарлық дәрігері тұрғындарға үндеу жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова халықты карантин шараларын сақтауға және індетке қарсы вакцина алуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып қалуда. Осыған байланысты қала тұрғындарына, әсіресе үй карантиніндегі адамдарға, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне айтарым, барлық шектеу шаралары мен санитарлық ережелерді сақтаңыздар, бұл инфекцияның таралуын төмендетуге және ауру қаупін азайтуға мүмкіндік береді», - деді С. Бейсенова елорда әкімдігінде өткен брифингіде.

Сонымен бірге, елордада халықты COVID-19-ға қарсы вакциналау бойынша жаппай науқан жүргізіліп жатыр. Елорданың әрбір тұрғыны, қасиетті Рамазан айында ораза ұстап, ауыз бекіткендердің де COVID-19-ға қарсы екпе алуға және өзін індеттен қорғауға мүмкіндігі бар, ол үшін екпе пункттері сағат 24.00-ге дейін жұмыс істейді.

«Бұрын хабарланғандай, COVID-19-ға қарсы вакцинаны қабылдау оразаны бұзбайды, егер белгілі бір заттың ас қорыту жүйесіне ауыз, мұрын сияқты табиғи саңылаулар арқылы енсе, ораза бұзылады. Ал инъекциялар кезінде және коронавирусқа қарсы вакцинаны егу аталған жағдайларға жатпайды. Бұл ұжымдық иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді, әдеттегі өмір салтына оралуға көмектеседі. Елорданың барлық тұрғыны қаладағы және жалпы Қазақстан Республикасындағы КВИ жағдайының ауырлығын сезінуі тиіс.

Мен әрбір тұрғынды қамқорлық танытып және ораза ұстаған туыстарын COVID-19 жұқтырудан қорғауды сұраймын, ол үшін бәріне белгілі сақтық шараларын сақтау керек, атап айтқанда: қоғамдық орындарда маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырмау және қатыспау», - деді елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

Айта кетейік, елордада эпидемиологиялық жағдай әлі де құбылмалы, қалада күніне 350-ден 650-ге дейін жағдай тіркеледі. Елордада халық көп жиналатын орындарда тұрғындарға вакцина салу пункттері ашылады.



Соңғы жаңалықтар