Елжан Біртанов: Алматыдағы корпоративтік басқару жүйесін барлық өңірлерге енгізу керек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Елімізде медициналық қызметтің сапасын арттыру бағытында қандай қадамдар жасалғалы отыр? Медициналық мекемелерді қандай реформалар күтіп тұр? Алматыдағы корпоративтік басқару жүйесінің артықшылығы неде? Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы қаласына сапары кезінде ҚазАқпарат тілшісінің осы сұрақтарына жауап берді.

Министрдің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі қала, аудан орталықтарындағы бір-біріне жақын орналасқан ауруханаларды біріктіріп, медициналық мекемелерді бірыңғай менеджментке көшіруді жоспарлап отыр. Мәселен, Алматы қаласындағы көпбейінді балалар ауруханасы жұқпалы аурулар ауруханасымен, кардиоорталық пен жедел медициналық көмек ауруханасы біріктіріледі. Сонда, мықты мамандар бір жерге шоғырланады да, кез-келген науқасқа шұғыл көмек көрсетіледі, денсаулық сақтау саласында шығын үнемделеді.

- Жансақтау, қабылдау, операция бөлімдері бір жерде орналасса, маман тапшылығы болмайды. Бір мезетте көп адамға еш қиындықсыз көмек көрсетіледі. Қалған қызмет алғашқы медициналық санитарлық көмек аясында реттеледі. 400-500-ден аса орны бар аурухананың ғана жұмысы тиімді саналады. Сондықтан, шағын ауруханалардан арылуымыз керек. Қазір Қазақстандағы медициналық мекемелер орташа есеппен 140 адамға арналған. Әрине, елді мекендердегі мекемелерге тиіспейміз. Оларды, керісінше, күрделі жөндеуден өткізіп, халықаралық стандартарға ыңғайлау керек», - деді Елжан Біртанов.

- Елжан Амантайұлы, өңірлерді медицина саласында бірқатар өзгерістер күтіп тұрғанын айтып жатырсыз. Ал халық көп шоғырланған Алматы қаласында медициналық көмек сапасын арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылады?

- Алматы қаласында жергілікті, республикалық бюджет есебінен және кәсіпкерлердің көмегімен жаңа нысандар салынады. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында медициналық мекемелерді сенімді қолға тапсыру жоспарланған. Нәтижесінде аурухана, емхананың менеджменті жақсарып, оларды күрделі жөндеуден өткізу үшін инвесторлар тартуға мүмкіндік туады.

Алматы пилоттық жоба ретінде медицина саласын сандық жүйеге көшірген. Бұл дәрігерлердің жүгін жеңілдетіп қана қоймай, ақпаратты сақтау, медициналық көмек, медикаменттерді тіркеудің сапасын арттырып, әкімшілік қызметкерлердің саны қысқаратынын айта кету керек. Ал МӘМС жүзеге асса, шығын тағы азаяды.

Өзіңіз білетіндей, Елбасы биыл табысы төмен мемлекеттік аурухана, емхана қызметкерлерінің жалақысын көтеруді тапсырған болатын. Бұл жерде кәсіпкерлер де әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, атсалысуы тиіс. Ал Алматыда жекеменшік клиникалар көп. Медициналық сақтандыру қоры олармен келісімге отырды. Яғни, клиникалар МӘМС жүйесі аясында қолдау көреді. Мұның бәрі халыққа медицина қолжетімді болу үшін керек.

- Алматыда ғана емес, жалпы елімізде жедел жәрдем қызметінің жұмысына қатысты әртүрлі сыни да сыпайы пікірлердің айтылып жататыны белгілі. Оңтүстік астанадағы жедел жәрдем қызметінің сапасын қалай көтеруге болады деп ойлайсыз?

- Алматыдағы жедел медициналық көмек көрсететін орталықтың жұмысын бақылап қайттым. Мекеме халықаралық стандартқа сай, қабылдау бөліміне түскен науқастарды бірінші іріктеп алып, содан кейін емдейді. Кәсіпкерлердің көмегімен №2 қалалық аурухана жанынан балаларға арналған екінші жедел жәрдем көрсету орталығы ашылғанын білеміз. Онда да қазіргі талапқа сай қабылдау, жоғары технологиялы хирургия бөлімдері, операциялық блок бар. Бизнесмендердің әлеуметтік жауапкершілігінің арқасында, дәрігерлер қаншама баланы дер кезінде қарап, аман алып қалып жатқанын айта кету керек.

Жедел шұғыл медициналық көмектің сапасын арттыру азаматтар үшін өте маңызды. Десе де, проблема жоқ емес: Алматы - мегаполис. Қалаға аймақтардан көшіп келгендер көп. Ал өзге өңірлердің тұрғындары есепке алынбаған. Медициналық сақтандыру қорынан бұл салаға жеткілікті қаржы бөлінбеген. Біз бұл мәселені бірлесіп шешудеміз. Жедел медициналық жәрдемнің сапасын жақсарту үшін қазынадан қосымша қаржы бөлінеді. Бірақ министрліктің талаптары, халықаралық стандарттар орындалуы тиіс.

- Корпоративтік басқару жүйесін енгізіп жатқан Алматының тәжірибесі қаншалықты жемісін беріп жатыр?

- Алматы қаласындағы жедел шұғыл жәрдем көрсету ауруханасын да аралап шықтым. Бұл - тарихы тереңде жатқан, еліміздегі ескі медициналық мекеменің бірі. Жедел медициналық көмектің негізі осында қаланған деуге болады. Аталған ауруханада да 3Н жүйесі енгізілген. Қабылдау бөліміне түскен науқастар іріктеледі.

Алматы науқастардың мұң-мұқтажын тыңдап, адамдармен ашық жұмыс істеу жағынан өзгелерге үлгі. Қалада тұрғындармен байланыс орнату үшін арнайы кеңсе ашылған, онда мамандар көптің арыз-шағымын тыңдайды. Бұл медициналық көмекті сапалы, қолжетімді етуге септігін тигізеді.

Алматы - корпоративтік басқару жүйесін жүзеге асырған алғашқы қалалардың бірі. Шаһарда жақында ғана бақылаушылар кеңесі құрылды. Кеңестің құзыры кең. Құрамына кәсіпкерлер, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері кіреді. Ол клиникалардың шығынын қадағалап, транспарентті басқаруға мүмкіндік береді. Бірінші басшыларды тағайындағанда үміткерлерді ашық талқыға салған да Алматы. Мәселен, орталық аурухананың бас дәрігерінің орнына 8 кандидат өтініш білдірген. Әділ таңдау жасалды. Бұл тәжірибені барлық өңір пайдалану керек. Орталық аурухана, емхананың бас дәрігерлері халыққа жақын жүруге, қоғамға қызмет етуге міндетті.

- Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Соңғы жаңалықтар