Елжан Біртанов дәрі-дәрмек сапасын тексеру жайында айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізде дәрілік заттардың сапасы қалай тексерілетіндігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер адамның немесе медицина қызметкерінің дәрі-дәрмек сапасына күдігі болса, онда ол үшін арнайы мемлекеттік орган – Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті бар. Біріккен комитеттің құрылымына Фармациялық бақылау комитеті, сонымен қатар санитарлық сараптама кіріп отыр. Осынау мемлекеттік орган дәрі-дәрмектің сапасы мен қауіпсіздігіне жауап береді. Тіркелген шағым негізінде «сары карта» деп аталатын жанама әсерлер болса, онда заңнамада бекітілген стандартты процедуралар бойынша аталған дәрілер немесе медициналық мақсаттағы бұйымдар алынады. Содан кейін оған тексеру жүргізіледі», - деді министр елордадағы Зертханалық сынақтар орталығының ашылу аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Елжан Біртановтың атап өтуінше, дәрі-дәрмектің барлық түрлерін тексеру сынақ зертханасында жүзеге асырылады.

«Егер дәрі сапасы сай болмаса, онда соған орай дәрі-дәрмек айналымынан алынып, нарыққа жіберілмейді. Алақол кәсіпкерге қатысты да тиісті шаралар, оның ішінде әкімшілік-қылмыстық жауапкершілік көзделген. Біздің міндетіміз – барлық қазақстандыққа дәрі-дәрмектің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бүкіл жағдай бар екендігін көрсету».

Оның нақтылай түсуінше, барлық дәрі-дәрмек міндетті тәртіппін бақылануы тиіс. Алайда Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес дәріханаларды тексеруге болады.

«Мұндай жағдайда, азаматтардан немесе дәрігерлерден түсетін шағымдар жылына 2-3 рет кездеседі. Біз мұның барлығын, яғни контрабандалық дәрі-дәрмектің бар екендігін жақсы түсінеміз. Біз үшін шағымның түскені маңызды. Дәріханаларды аралап, тексеруге құқығымыз жоқ. Бұл – заңға қайшы. Бізге жоспардан тыс, кенеттен дәріханаларды тексеруге тыйым салатын Кәсіпкерлік кодекс бар. Егер халықтан және медицина қызметкерлерінен шағым болса, онда тексереміз. Дегенмен мұндай жағдай сирек кездеседі», - деді Елжан Біртанов.

Соңғы жаңалықтар