Елжан Біртанов: Ең дұрысы - масканы өзіміз тігіп алу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Zakon.kz басылымының Instagram-дағы тікелей эфирінде ҚР Денсаулық сақтау министрі коронавирус инфекциясына байланысты өзекті сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маскаға қатысты мәселе бар. Бүгінгі таңда масканы тек өзіміздің елдегі зауыттар мен өндірістерден ғана ала аламыз. Олардың күнделікті шығарған өнімі бір миллионнан аспайды. 250-300 мыңға жуық медициналық маска фармацевтикалық зауыттарда шығарылады. Қалған маскаларды жеке меншік компаниялар тігеді. Жалпы алғанда бір тәулікте бір миллион маска өндіріледі. Бірақ масканы қолдану бұдан екі-үш есе көп. Осыған байланысты қытай өндірушілерімен келістік. Біз 5 млн масканы импорттау туралы келісімге қол қойдық. Өкінішке қарай, Қытайда логистика түбегейлі ашылған жоқ. Алдағы аптада жеткізіледі деп отырмыз. Сондай-ақ, «Birgemiz» қоры арқылы халықтың осал тобына беріледі. Олар - дертке шалдыққан, аяғы ауыр әйелдер немесе балалар сияқты маскаға мұқтаж адамдар», - дейді Біртанов.

Оның айтуынша, маска жетіспеген жағдайда негізгі бөлігі ауруханаларға жеткізіледі.

«Егер дәрігерлерді қорғамасақ, олар ауырып қалса - қалғандарын емдейтін ешкім қалмайды. Дамыған мемлекеттер маска, соның ішінде дәкеден маска тіге бастады. Біз бұдан ешқандай оғаштық көрмейміз. Бұл - әр отбасы, ұйым, елдің саналы әрекеті. Жағдайға бейімделіп, өмір сүру керек. Өткен ғасырда қазіргідей құрылғылар болмаса да медицина бұдан зорғы инфекцияларды жеңген. Марліден масканы оңай тігуге болады және оны залалсыздандыруға болады. Сондықтан да жалғыз жол - масканы өзіміз тігу», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар