Елжан Біртанов Қазақстанның медицина қызметкерлеріне кәсіби мерекесімен құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазақстандық медицина қызметкерлерін келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде Қазақстанда Медицина қызметкерлері күні аталып өтеді.

«Құрметті әріптестер! Баршаңызды кәсіби мерекеміз – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! COVID-19 пандемиясы кезінде жұқпалы аурулар ауруханасында, провизорлық стационар, жедел медициналық жәрдем станциялары мен жалпы, барлық денсаулық сақтау ұйымдарында медицина қызметкерлері патриоттық сезіммен, жоғары жауапкершілікпен, кәсіби біліктілігін көрсетіп, еңбек етуде», - деп жазды министр Фейсбуктегі парақшасында.

Министрдің айтуынша, дәл қазіргі уақытта медицина қызметкерлері пациенттердің өмірін сақтап қалуда.

«Алдарыңызға көмек сұрап келген адам ғана медицина қызметкерлерінің науқасқа деген ерекше мейірімін, әр пациентке мұқият қарайтынын қасиеті мен шеберлігін көреді, сезеді. Тәулік бойы, мереке күні де алдыңғы шепте жүрген барлық медицина қызметкеріне шексіз алғыс айтқым келеді. Қазақстандық дәрігерлердің осындай қиын уақытта басымызға түскен ауыртпалықты жеңе алатынына сенімдімін. Мен бұған қазір әріптестерімнің қолында емделіп жатып тағы көз жеткіздім - олар өз ісінің кәсіби шебері. Баршаңызға мың алғыс!», - дейді Е. Біртанов.

Сонымен бірге, ведомтсво басшысы соңғы жылдары отандық медицинада көп нәрсе өзгергенін атап өтті.

«Денсаулық сақтау саласында медицина ғылымы мен ақпараттық технологиялар дамуда, жаңа жоғары технологиялық орталықтар салынды. Жақында ғана ең қысқа мерзімде, 2 аптада еліміздің үлкен мегаполистерінде жұқпалы аурулар ауруханасын салдық. Ауруханалар мен емханаларды жабдықтау айтарлықтай жаңартылды, жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі өсті.Қазір халық денсаулығы туралы Кодекс Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді, құжатта Президенттің тапсырмасы бойынша қоғамда медицина қызметкерінің мәртебесін арттыру, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі нормалар бар. Бұл барлығымыз үшін, ең алдымен біздің азаматтарымыздың денсаулығын қорғау үшін үлкен қадам және жетістік деп сеніммен айта аламын. Осы өзгерістердің барлығы сіздердің еңбектеріңіз, әріптестер!», - дейді министр.

Министр елімізде пандемияға қарсы күресті жалғастыру қажеттігін және онда міндетті түрде жеңіп шығатынымызды айтты.

«Сіздердің адал еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз және оның қадірін білеміз. Қызметтеріңізге табыс, болашаққа сенім мен отбасыларыңызға амандық тілеймін! Өздеріңізге сақ болыңыздар. Дендеріңіз сау болсын!», - деді Елжан Біртанов.


Соңғы жаңалықтар