Елжан Біртанов: МӘМС жүйесін жұрт қалай қабылдайтыны дәрігерлерге байланысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрі еліміздегі емхана, аурухана мен оңалту орталықтарындағы медицина қызметкерлерін МӘМС пакеттерін жаппай жаттап алуға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өйткені қазір медициналық сақтандырудың артықшылығы мен пайдасын насихаттау ісі аяқталып келеді.

«Енді азаматтарға жаңа жүйе бойынша қызметтер қалай көрсетілетінін, кімге қандай медициналық көмек қолжетімді болатынын түсіндіру керек», - деді ведомство басшысы Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында.

«Қазір халық арасында әлеуметтік сауалнама жүргізіп, жұрттың реформаға қатысты ой-пікірін білуіміз қажет. МӘМС жүйесінің барлық пакеті бекітілген. Енді дәрігер, медбикелер жаңа пакеттер бойынша жұмыс істеуді үйреніп, әсіресе, ауылды жерлердегі учаскелік дәрігерлер жыл соңына дейін МӘМС, ТМККК пакетін қалай пайдалануға болатынын әрбір пациентке түсіндіруі тиіс», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, елімізде МӘМС жүйесіне қатысу үшін азаматтардың мәртебесін анықтау ісі де жалғасуда. Қазір бейресми жұмыс істемейтін 687,7 мың адамның мәртебесі әлі белгісіз.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, Нұр-Сұлтан қаласы (66 пайыз), Қостанай (71 пайыз), Солтүстік Қазақстан облыстарында (63 пайыз) көрсеткіш төмен екенін айтты. Ал Қарағанды, Ақтөбе, Павлодар тұрғындары белсенді.

«МСАК көрсететін медициналық мекемеге тіркелмеген тұрғындар да бар. Ақмола, Жамбыл, Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген мекенжайда тұрмайды, ведомстволық немесе жеке меншік клиникаларда емделетіндіктен, емханаға бармайтын тұрғындар көп. Сондықтан ІІМ, Әділет министрліктерінен азаматтар туралы ақпаратты жаңартып отыруға көмектесуді сұраймыз»,- деді Ләзат Ақтаева.

Ләзат Ақтаева міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша қандай қызметтер көрсетілетінін тағы нақтылап өтті.

«МӘМС пакеті бойынша сақтандырылған кейбір азаматтарға стоматологиялық қызмет, сонымен қатар, ТМККК кірмейтін диагностикалық, оңалту сынды медициналық көмек көрсетіледі. Ал шұғыл медициналық көмек мәртебесіне, сақтандырылғанына қармай кез келген адамға көрсетіледі. Ал стационар мен стационарды алмастыратын көмек созылмалы және жұқпалы ауруы бар адамдарға және сақтандырылғандарға қолжетімді», - деді вице-министр.

Айта кету керек, 10 млн 600 мың адам жеңілдік жасалған 15 санатқа кіреді, олар үшін медсақтандыру қорына ақшаны мемлекет аударады. Жалпы, халықтың 90 пайыздан астамы МӘМС жүйесіне қатысады деп жоспарланған.



Соңғы жаңалықтар