Эмин Әскеров: Әлеуметтік кәсіпкерлер қоғамдық мәселелерді шешіп қана қоймай, бюджетті де толықтырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Green Tal шеберханасының жетекшісі әрі кәсіпкерлік мектебінің негізін қалаушы Эмин Әскеров әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік кәсіпкерлер – бұл кез келген әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған кәсіпорындарды құратын адамдар. Мысалы өз басым 2015 жылы Green Tal әлеуметтік шеберханасының негізін қаладым. Ол 9 түрлі бағыттан тұрады. Олар: ағаш ұстасы, тігін, киіз шеберханалары, кафелер, автокөлік жуу және тағы басқа. Біз әлеуметтік санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту мәселелерін шешеміз. Біздің жоба шеңберінде 80-ге жуық қызметкер еңбек етеді, олардың 95%-ы әлеуметтік санатқа жататын азаматтар. Әрине, біз жастарға назар аударуға тырысамыз. Өйткені олар ойлағанын іске асыра алмай шектелсе, қиналатынын түсінеміз», - деді Эмин Әскеров онлайн режимде «Болашақ» қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен «Жастар және инновациялар» форумында.

Оның айтуынша кейінгі кездері өкінішке қарай Қазақстанда шизофрения мен аутизм ауруы бар балалардың саны өсіп бара жатыр.

«Сіз диспансерлік есепте тұрсаңыз, онда өкінішке қарай жұмысқа қабілетсіз азамат саналасыз. Біз бұл таптаурынды бұзып, олай емес екенін нақты мысалдармен дәлелдеуге тырысамыз. Ол санаттағы азаматтар - өздерін жұмыс орнында шынымен көрсете алатын қызметкерлер. Барлық жұмысымыз арқылы әлеуметтік санаттағы азаматтар тең мүмкіндіктерге лайықты болуын дәлелдегіміз келеді», - дейді ол.

Эмин Әскеров Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң әзірленіп жатқанын, ал Ресейде соған ұқсас заң өткен жылы қабылданғанын мәлім етті.

«Мысалы Қазақстанда 300-ге жуық әлеуметтік кәсіпкер бар. Ал Ұлыбританияда олардың саны 70 мыңнан асады. Ол елдегі әлеуметтік кәсіпкерлердің салықтық түсімдерінен түсетін сома ЖІӨ-нің 10%-дық үлесін құрайды. Әлеуметтік кәсіпкерлер әлеуметтік мәселелерді шешіп қана қоймай, мемлекеттік бюджетті толықтырады», - деді Эмин Әскеров.


Соңғы жаңалықтар