ЕО өкілдері қазақстандықтардың Covid-19-дан кейінгі психологиялық жай-күйін оңалтпақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуропа одағы қазақстандықтардың Covid-19-дан кейінгі психологиялық жай-күйін жақсарту шараларын жүргізеді. Бұл туралы Еуропа одағы Қазақстандағы Елшісінің орынбасары Адам Мачей Мадалинский айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл шын мәнінде өте өзекті қоғамдық мәселе. Әсіресе, Covid-19 шектеулеріне байланысты аса өзекті болып кеткен еді. Карантиндік оқшаулау барысында адамдар ковидпен қанша адамның ауырғаны, қанша адамның қайтыс болғаны туралы ақпараттарды оқып, бұл оларды күйзеліске, жабырқауға, көңіл-күйінің түсуіне және түрлі жағымсыз ойлардың туындауына әкеп соққан болатын. Еуропа одағы бұл проблеманы өте өзекті мәселелердің бірі ретінде қарай отырып, түрлі құралдарды пайдалануда. Олар қоғамдық денсаулық сақтау мәселесіне байланысты болып отыр», - деді Адам Мачей Мадалинский Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «БАҚ-тың суицидті жауапты жариялауы» атты панельдік сессияда.

Сонымен бірге, спикер Еуропа одақ қандай іс-шаралар жүргізіп жатқанын айтып берді.

«Барлық ЕО мүшелері ең озық практикаларды, адамдардың психикалық денсаулығын қорғау жұмыстарын ілгерілетуді көздеп отыр. Сонымен бірге, ЕО алаңында адамдардың психикалық денсаулығы бойынша және Covid-19 -дың психикалық жай-күйіне қаншалықты ықпал еткені және суицидтің алдын алу боынша тәжірибе алмасу, озық практиканы қарастыру жөнінде түрлі бастамалар мен бағдарламалар бар. Бүгінгі шараға да біз қатысып отырмыз және бұл өте маңызды мүмкіндік болады деп ойлаймын. Біз бүгін суицид мәселелері БАҚ-та қаншалықты жауапты жарияланып жатқанын қарастыратын боламыз. Және біз Covid-19 -дан кейін адамдардың психологиялық және басқаша күйлерін жақсарту шараларын жүргізуді және оны кең тұрғыда іске асыруды көздеп отырмыз. Одан бөлек, есірткіге тәуелді адамдарға байланысты өңірлік бағдарламалар бар. Әсіресе психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелді адамдарды емдеуге мән беріледі, өйткені олардың арасында суицидтің көп болатыны түсінікті. Сондықтан оны белгілі бір денсаулық сақтаудың проблемасы деп қарастыру өте маңызды», - деді Еуропа одағының өкілі.

Еуропа одағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірге «Қазақстандағы жасөспірімдердің Covid-19 -дан кейінгі психикалық және жалпы денсаулығын жақсарту шаралары» атты әлеуметтік бағдарламаны іске қосқан.

«Енді біз суицид мәселелерін БАҚ-та жауапты жариялау мәселесіне келіп отырмыз. Өйткені бұл өзекті. БАҚ жайдан-жай төртінші билік тармағы деп аталмайды, оның қоғамның, жұртшылықтың алдындағы міндеттемесі өте зор. Суицид туралы айтқанда БАҚ сол ақпаратты қалай берді, оның қандай тәуекелі, салдары болатынын жан-жақты саралап алғаны өте маңызды», - деді Адам Мачей Мадалинский.

Айта кетейік, 2021 жылы Қазақстанда суицидтің 3922 жағдайы тіркелген.

ДДСҰ статистикасына сәйкес, суицид саны бойынша әлемдегі барлық тұрғындар арасында Қазақстан 20-орында тұр, ал 10-19 жас аралығы бойынша 10-орында. Бес жыл бұрын ДДСҰ өзіне-өзі қол салудың алдын алу үшін әлемдік деңгейде өз бастамасын іске қосты. Бір немесе бірнеше суицид туралы БАҚ хабарларына тікелей байланысты жүзден астам зерттеулер жүргізілген. Мамандар өзіне-өзі қол салуды кеңінен жариялау қосымша суицидтік мінез-құлық қалыптастыратынын айтуда.



Соңғы жаңалықтар