Ералы Тоғжанов Еңбек министріне бірқатар нақты тапсырма берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Балалар арасында мүгедектер саны артып барады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден – әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау. Бұл атаулы әлеуметтік көмек қаржылай және балаларға әлеуметтік топтама түрінде берілетіндігін жақсы білесіздер. Бұл биылғы жылдың үлкен жаңалығы деп айтсам артық емес. Халықтың қабылдауы да жақсы. Әр балаға берілген 20 мың теңгелік көмек биыл аз қамтылған отбасылардағы балаға орташа есеппен 26 мың теңгеге жейін жеткізіліп отыр. Оның ішінде бірнеше бағыттар бар екенін білесіздер. Атаулы әлеуметтік көмек, азық-түлік, жол жүру шығындары, мектепке керек-жарақтар, ыстық тамақ бар», - деді ол.

Оның айтуынша, ең маңыздысы әрбір өңір өзінің аз қамтылған отбасыларын біліп, олардың мұқтаждықтан шығуына жағдай жасауы қажет.

«Еңбек министрлігіне өңірлермен бірлесіп, осы бағыт бойынша 2 апталық мерзімде кешенді талдау жасап, қорытынды шығаруды ұсынамын. Екіншіден, ана мен баланы қолдауға байланысты қарастырылған қаражат көлемі 50 пайызға өсті. Бұл да ел арасында жақсы қабылданып жатқан шешімдердің бірі. Бірақ, мұны халық арасында нақтылап түсіндіруге тиіспіз. Үшіншіден, мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға байланысты соңғы 5 жылда олардың саны өсуде. Әсіресе, балалардың арасында өсім 23 пайыз деңгейінде болып тұр. Бұл ретте неге деген сұрақтың тұрғаны да белгілі. Бұл сауалдың нақты жауабы анықталуы тиіс. Еңбек министрлігі басқа министрліктермен, органдармен бірге осы мәселені жан-жақты қарастырып, 1 айдың ішінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын», - деді Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар ол Еңбек министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен және Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, 1 айдың ішінде мүгедектерді жұмыспен қамту бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар