Ереже бұзатын шетелдік нөмірі бар көліктермен «ақылды» камералар күреспек

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда интеллектуалдық бейнебақылау жүйесі бұдан былай жол ережесін бұзған шетелдік нөмірі бар автокөліктерді де тіркейді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, енді шетелдік нөмір таққан автокөліктер жол ережесін бұзған жағдайда жауапкершіліктен құтылмайды. Видеобақылау жүйесі жолдағы тәртіпсіздікті бұған дейін де тіркеп келген. Алайда, бұл шетелде тіркелген көлік жүргізушілеріне айыппұл салуға мүмкіндік бермейтін. Салдарынан осындай көлік тізгіндегендер еркінсіп, бейнебақылау жүйесін елемей, заңды белден басатын болған.

Енді СҚО полицейлері «Resolution Generator» бағдарламалық кешенін іске қосты. Ол түрлі мемлекеттік органдардың базасын Әкімшілік құқық бұзушылықтың бірыңғай тізілімі ақпараттық жүйесімен біріктіріп, көлік туралы ақпарат алуға мүмкіндік берді. Шетелдік нөмірлер енді автоматты түрде сақтандыру полисі арқылы тексеріледі.

«Шетелдік көлігі бар жүргізушілер мұны ескерулері қажеті. Енді жол ережесін бұзғаны жөніндегі хабарлама көлікті сақтандырушының атына келеді», - деді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Оспанов.

Петропавл қаласында интеллектуалдық бейнебақылау жүйесі Ж.Жабаев пен Мүсірепов, Жұмабаев пен Сүтішев, Н.Назарбаев пен Абай, Интернационал және Астана көшелерінің қиылысында тұр. Олар жылдамдықты асыру, бағдаршамның рұқсат етілмеген белгісіне және тоқтау сызығынан өтіп кету секілді ереже бұзушылықтарды тіркейді. Жыл басынан бейнебақылау 2 мыңнан астам құқық бұзушылықты тіркеп, олар бойынша 5,9 млн теңгеге айыппұл салынды.

Соңғы жаңалықтар