Ерік Сұлтанов: Ел болашағы – Үкімет пен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне тәуелді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Үкімет пен азаматтар еліміздің болашағы жолында ортақ мақсатқа жету үшін ортақ жауапкершілікті өз мойнына алатын уақыт келді. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов Президент Жолдауына қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы біздің қоғамның материалдық тепе-теңдігін қалпына келтіру және әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін нақты міндеттерді айқындап берген үндеуін мен шынайы қызығушылықпен қабылдадым.

Кезекті Жолдауда кез келген мемлекеттің экономикалық тұрақтылығының негізін құрайтын шағын және орта бизнесті қолдаумен қатар азаматтардың әл-ауқатын арттыруға баса назар аударылғанын атап өткен жөн. Мұндай қолдау заңнамалық шаралар мен арнайы бағдарламалық құжаттарды қабылдау жолымен іске асырылатын болады.

Атап айтқанда, Үкіметке шағын және орта бизнес қызметінің жаңа нормативтік-құқықтық негізін әзірлеу, ел экономикасына тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі жұмысты жандандыру, құрылыс саласы мен ТКШ тиімді дамыту жолымен тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, өнімділігі жоғары орта бизнесті қолдау тапсырылды.

Бүгінгі таңда өз өмірлерін аямай, қатерлі індетпен күресіп жатқан бүгінгінің батырлары – медициналық қызметкерлерге төлемдер үшін айтарлықтай қаражат бөлінеді. Жолдауда жалпы денсаулық сақтау жүйесін одан әрі нығайту және дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар, елдің көліктік-логистикалық кешені мен транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі шараларды атап өту қажет. Президент айтқандай, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі серпінді инфрақұрылымдық жобалар, жаңа елдер мен компанияларды тарту, қызмет көрсету деңгейін және транзиттік бағыттардың жылдамдығын арттыру есебінен өсуі тиіс. Мемлекет басшысының экономиканың осы секторын қарқынды дамыту және инвестициялар құю қажет деген пайымымен толық келісемін.

Мемлекет басшысы салық заңнамасына ревизия жүргізуді тапсырды, ол елдің әрбір азаматына түсінікті болуы тиіс, бұл салықтар мен төлемдердің санын азайтумен қатар салық міндеттемелерін орындауды түбегейлі жеңілдетуге алып келеді.

Әрине, біздің азаматтарымыздың тұрғын үй мәселесі басты басымдық болып қала береді. Депутаттық корпусқа осы маңызды мәселенің шешімін бақылауда ұстау тапсырылды.

Жалпы, Жолдауда қойылған міндеттердің әрқайсысы бізден барынша табанды, тиімді және үйлесімді жұмысты талап етеді. Алайда, бұл жұмыс тек Үкіметтің мойнында ғана емес: бұл ретте Үкімет пен азаматтар еліміздің болашағы жолында ортақ мақсатқа жету үшін ортақ жауапкершілікті өз мойнына алатын уақыт келді. Мемлекет басшысының Жолдауында отандастарымызды ортақ мақсатқа жұмылдыратын, шабыттандыратын және жақсы болашаққа деген сенім ұялататын жігерлі үндеулер бар.

Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты ретінде өз сайлаушыларымның атынан Президент алға қойған міндеттерге шынайы қолдау білдіремін және оларды тиімді іске асыру үшін бар күш-жігерімді, білімім мен тәжірибемді жұмсаймын.


Соңғы жаңалықтар