Еркін күрес: Ел біріншілігінде барлық салмақтағы жеңімпаздар анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласында күрес түрлерінен Қазақстан біріншілігінде еркін күрес шеберлері төрт салмақта жеңімпаздарды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыста 74 келіде Нұрғожа Қайпанов мықтылығын танытты. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері бұл салмаққа жақында ауысқан болатын. Ол финалда қызылордалық Қанат Мұсабековті жеңді. Қола медаль астаналық Нұрлан Бекжанов пен алматылық Дархан Есенғалиға бұйырды.

Ел біріншілігінде 79 келі салмақта ұлттық құрама мүшесі, қызылордалық Ғалымжан Өсербаев ақтық сында Алматы облысының өкілі Рустам Мырзағалиевті 11:0 есебімен ұтты. Осылайша Ғалымжан ел біріншілігінде бесінші мәрте чемпион атанып отыр. Үздік үштікті ақтөбелік Айдар Балданбаев пен атыраулық Болат Сақаев түйіндеді.

Ал 92 келіде маңғыстаулық Эльхан Асадовқа тең келерлік ешкім болған жоқ. Ол финалда елордалық Ералы Әбдірашевті 3:1 есебімен тізе бүктірді. Бұл салмақта қола жүлде Шамиль Магомадов (Шығыс Қазақстан облысы) пен Нұрғали Нұрғайыпұлына (Нұр-Сұлтан) бұйырды.

Біріншілік барысында 125 келіде Шығыс Қазақстан облысынң өкілі Олег Болтин финалда павлодарлық Дәулет Шабанбайды жеңіп, алтыннан алқа тақты.

Естеріңізге сала кетелік, Дәулет 2012 жылы Лондон Олимпиадасында қола жүлдегер атанған болатын. Бұл салмақта ақтөбелік Юсуп Батырмурзаев пен түркістандық Бақдәулет Өсербай қола жүлде алды.

Бұдан бұрын еркін күрестен 20 қарашада 57, 61, 86 салмақта чемпиондар анықталды.

Ал 22 қарашада 65, 70 және 97 келіге дейінгі салмақтағы балуандар сынға түсті.

Енді 23 қарашада әйелдер күресінен 10 салмақта жүлделер сарапқа салынса, грек-рим күресінің шеберлері 24-26 қараша аралығында тоғыз салмақта жүлдеге таласады.


Соңғы жаңалықтар