Ерлан Қарин: Әкімдер сайлауы – еліміздің саяси дамуындағы айтулы бетбұрыс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент көмекшісі Ерлан Қарин «Хабар-24» арнасындағы «Сұхбат» бағдарламасында биыл тұңғыш рет өтетін әкімдер сайлауын жаңа бетбұрысқа теңеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білесіздер, биыл Президенттің бастамасымен елде тұңғыш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Осы сайлауға байланысты бірнеше заңға өзгерістер енгізіледі. Сол өзгерістерді қамтитын заң жобалары күні кеше Мәжіліске келіп түсті. Енді соған сәйкес Мәжілісте осындай талқылаулар өтеді. Осының бәрін біз де өз тарапымыздан бақылап, қадағалап отырамыз. Қандай талқылау болды, қандай қосымша ұсыныс айтылады деген сияқты», - деді Мемлекет басшысының көмекшісі.

Сұхбат барысында Президент көмекшісі аталмыш сайлауды елдің саяси дамуындағы үлкен бетбұрысты оқиға деп санайтынын жеткізді.

«Аталып отырған өзгерістердің бәрі – үлкен бетбұрысты өзгерістер. Мысалға биыл бірінші рет өткізілейін деп отырған ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы арқылы 800-ге жуық ауыл әкімі анықталады. Бұрын жанама түрде сайланған ауыл әкімдерінің өкілеттігі тоқтайды. Соған сәйкес, ендігі әкімдер тікелей сайлау арқылы сайланады. Бұл да еліміздің саяси дамуындағы үлкен бір айтулы оқиға, жаңа бір кезең. Себебі біздің халық өзінің әкімдерін тікелей сайлап, сол арқылы өздерінің саяси құқықтарын кең ауқымда жүзеге асырудың тағы бір қосымша мүмкіндігіне ие болады», - деді Ерлан Қарин.


Соңғы жаңалықтар