Ерлан Саиров: Халық әкім сайлауында жастарға басымдық берді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әкім сайлауы өткен ауылдардың көбінде науқан алдында өзіндік «праймериз» өткен. Мәжіліс депутаты, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров кешегі өткен сайлаудан осындай ой түйіп қайтқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл біздің еліміздің саяси тарихындағы үлкен бір белес деп айтуға үлкен негіз бар. 30 жылдың ішінде Қазақстан халқы өзінің әкімдерін тікелей сайлап алу құқығына ие болып отыр. Бұл біріншіден, халқымыздың саяси мәдениетін өсіруге алып келеді. Екіншіден, аймақтарда саяси плюрализмнің дамуына өте терең іргетес қалайтыны анық. 15 күндей аймақтарды аралап қайттық. Сол кезде ауыл әкімдерін сайлау процесіне жан-жақты сараптама жасадық. Халықтың қызығушылы өте жоғары. Шынын айту керек, қазақ өз тағдырына келгенде өте жауапты қарайды», - дейді депутат.

Ұлттық кеңес мүшесі мұндай қызығушылық, менің ойымша, тіпті Парламент сайлауы кезінде де болмағанын айтады.

«Өйткені ауыл азаматтары әкімге дауыс беру арқылы өзінің болашағын, ауылдың даму жолын сайлайтынын түсінгендіктен, бұл науқанға өте жауапты келді. Сонымен бірге, кандидаттарға деген назары да ерекше болды. Менің түсінгенім, өз іштерінен кандидат ұсынбас бұрын әрбір ауылда өзінше бір праймериз болған. Яғни, кім лайықты деген мәселеден бастаған сайлауға жұмылуды. Лайықты адамдардың ішінде де сұрыптау болған. Қазір айтып жатырмыз ғой, 2 298 кандидат болды деп. Негізінде кандидаттардың тізімі 5-6 мыңнан да асқан. Соның ішінде іріктелгендері ғана тіркеуге қатысқан», - дейді Мәжіліс өкілі.

Ерлан Саиров осы сайлауда ауыл халқының жастарға үміт артатынын айрықша байқағанын айтады.

«Тағы бір ерекшелігі, сайлаушылардың өздері жастарға орын беруіміз керек деген талапты алға тартты. Мені сол таңғалдырды. Яғни, халықтың өзі жастар істесін деген талап қойып, шек белгіліеп тастаған. Бұл еш жерде жазылған заң болмаса да, ішкі ұстанымдарын осылай қалыптастырған. Мысалы, кеше мен Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Ақшұңқыр ауылында болдым. Сол жердегі үміткер Еркебұлан деген жігіт 32-де екен. Оның басты мақсаты – Ақшұңқыр ауылының инфрақұрылымын жанындағы Ақтаудың деңгейіне жеткізу. Менің ойымша, осы сайлаудан кейін ауыл әкімдерінің жасы біраз жасарады», - дейді сарапшы.


Соңғы жаңалықтар