Ерлан Сыдықов: Еуразия ұлттық университетінің жаңа ғимараты салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов университет аумағында салынатын жаңа нысандар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде жақсы үрдіс бар, ата-аналары балаларын жоғары оқу орнында оқытуға тырысады. Осы орайда университетте оқуға ниетті студенттер үшін жағдай жасау керек. Біздің университет 11 мың орынға арналған, қазірдің өзінде 20 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Алдағы жылы бізге түсетін студенттер саны арта түседі деген есептеулер болды. Сондықтан 25 мың шаршы метрге есептелген оқу-зертханалық кешеннің құрылысын бастауды жоспарға енгіздік», - деді ректор.

Оның айтуынша, бұл кешенде зертхана, оқыту корпусы, кітапхана қамтылады. Жоба мемлекеттік-жекешелік серіктестік есебінен жүзеге асырылады.

«Алайда инвесторға осыдан қандай пайда түседі? Бұл тұрғыда ол жер телімінің бір бөлігіне өзіне қажетті нысанды салады. Дегенмен инвестордың осы жерге дүкен немесе түнгі клуб салуына рұқсат бермедік. Осы орайда бізге керек заманауи емхананың құрылысын салуды талап еттік. Себебі университетте 20 мың студент пен қызмет ететін адамдар бар», - деп түсіндірді Е. Сыдықов.

Оқу-зертханалық кешеннің құрылысы 2021 жылдың көктемінде бастау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар ол университет студенттері үшін жатақхана салуға инвесторлар тартылғанын айтты.

«Инвесторларға жатақхана салу тиімсіз екенін түсіну керек. Алайда оларды көндіруге тура келді. Осы орайда университеттің беделінің арқасында келісімге қол жеткізілді. Қазір олар 2,5 мың орынға арналған жатақхана салып жатыр», - деді ЕҰУ ректоры.

Айта кетейік, бүгін Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де өзінің саналы ғұмырының басым бөлігін қазақ халқының шығу тегі мен генеологиясына арнаған зерттеуші, ҚР ҰҒА академигі Оразақ Смағұлов пен көрнекті ғалым-антрополог Айнагүл Смағұлованың «Қазақ халқы және ата тегі» атты кітабының таныстырылымы өтті.


Соңғы жаңалықтар