Ерлан Тұрғымбаев полицейлер жақын арада орындауы тиіс 8 міндетті анықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың төрағалығымен кеңейтілген алқа отырысында ведомствоның 1-тоқсандағы қызметі қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, бейнеконференция байланыс режимінде өткен жиында ішкі істер органдарының 1-тоқсанындағы қызметінің қорытындылары, сондай-ақ Мемлекет басшысының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралған.

«Онда криминогендік жағдайдың жақсаруының оң динамикасы атап өтілді. Жыл басынан бері қылмыс деңгейі 13 %-ға төмендеді.

Пайдакүнемдік және зорлық-зомбылық қылмысының саны айтарлықтай азайды. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың көптеген түрлерінің ашылуы жақсарды. Қоғамдық орындар мен көшелердегі қауіпсіздік деңгейі артты», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, тонау, бұзақылық, ұрлық, қоғамдық орындар мен көшелердегі, сондай-ақ кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны үштен бірге азайған. Бұрын сотталған адамдар және мас күйінде жасалған кісі өлтіру, қарақшылық саны қысқарды.

Сонымен қатар, ІІМ басшысы отбасылық-тұрмыстық қатынастар, интернет-алаяқтық саласындағы қылмыстарға, сондай-ақ жол қауіпсіздігінің жай-күйіне назар аударды.

«Ішкі істер органдарының басты міндеттерінің бірі - құқық бұзушылықтың алдын алу және қауіпсіз қоғамдық орта құру. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің нысандары мен әдістерін жетілдіру, сондай-ақ халықпен байланысты жалғастыру қажет» – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Алқа жұмысының қорытындысы бойынша министр алдағы кезеңге полиция қызметінің екі негізгі бағыты – құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес бойынша міндеттерді белгіледі.

Құқық бұзушылық профилактикасы саласында:

неғұрлым криминогенді учаскелерде стационар бекет орнату, сондай-ақ үйлер ауласында, саябақта, сквер жаяу патрульдеу есебінен «жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыруды қамтамасыз ету;

қоғамдық орындарда, елді мекендерде және жолдарда полицияның жедел басқару орталықтарымен ықпалдаса отырып, зияткерлік қауіпсіздік жүйелерін дамыту бойынша шаралар қабылдау;

учаскелік полиция пункттері желісін дамытуды қамтамасыз ете отырып, учаскелік инспекторлар қызметінің жарақтандырылуын арттыру;

жол қозғалысы қауіпсіздігі мен жол инфрақұрылымын бақылауды күшейту;

қылмыстық-түзеу мекемелерінде жаппай бейнебақылау енгізу.

Қылмысқа қарсы күрес мәселелері бойынша:

қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің сапасы мен ашықтығын жақсарту;

киберқылмыспен күрес бөлімшелерін білікті IT-мамандарымен, интернет-алаяқтыққа қарсы тиімді іс-қимылды қамтамасыз ете отырып, қазіргі заманғы бағдарламалық-техникалық жабдықтармен нығайту;

есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту, синтетикалық есірткілердің, оның ішінде интернет-ресурстар арқылы таралуының жолын кесу жөнінде шаралар қабылдау.

«Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және қоғамдық қауіпсіздік осы міндеттерді тиісінше орындаған жағдайда қамтамасыз етіледі», - деп атап өтті ІІМ басшысы. Ішкі істер органдарын реформалау шеңберінде жеке құрам саны 10,5 мың бірлікке, басшы лауазымдар саны 1,5 мыңға қысқартылған.

Жалпы, ІІО жаңғырту бойынша Жол картасының 127 пунктінің 90-ы іске асырылды.

ІІМ басшысы министрлік Мемлекет басшысының полиция жұмысының сервистік моделін құру, азаматтардың қауіпсіздігі мен конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша жұмысты жалғастыратынын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар