Ерлік жасауға ешкім дайындалмайды – сәбиді құтқарған Сәбит Шонтақбаевтың әйелі

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында көпқабатты үйдің терезесінен үш жастағы қызды құтқарып алған Сәбит Шонтақбаевтың батырлығына шетелдіктер де тамсана бастады. Бір күннің ішінде атағы әлемге тарап, «бейбіт күннің батыры» атанған Сәбит кім? Оның өскен ортасы, отбасы қандай? Батыр жігіттің жұбайы Әйгеріммен аз-кем әңгімелесіп, біраз жайтқа қаныққан едік.

- Алдымен Сәбиттің өскен ортасы, отбасы , мінезі жайында айтып берсеңіз?

- Сәбит Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Аққұм ауылында дүниеге келген. Әкесі - Серік, анасы - Гүлбаршын. Бұл отбасында 4 ұл, 1 қыз бар. Сәбит отбасының үшінші перзенті. Қазір ата-анасының жасы 70-ке келіп қалды. Отбасы – қарапайым. Оның ата-анасы балаларына әрдайым жақсы өнеге беріп келеді. Сәбит екеуміз 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырмыз. Ұлдарымыз Мәди - 13, Сағи -12, Нұр-Дәулет - 2,5 жасқа келсе, қызымыз Сағыныш 9 жаста.

Сәбит жұмысқа орналасамын деп елордаға кетіп, құрылыс саласында еңбек етіп жүр. Оқиға болатын күні жұмысқа бара жатқан екен. Өздері сол маңда пәтер жалдап тұрған. Таңертеңгі уақытта сегізінші қабаттан кішкентай бүлдіршіннің терезеден салбырап ілініп тұрғанын байқайды. Ешбір ойланбастан оны құтқаруға кіріседі. Досы Сағи екеуі осылайша бір періштенің өмірін сақтап қалыпты. Шынын айтқанда, бұл оқиғаны естігенде біз де таңғалдық. Әрине, ерлік жасауға ешкім дайындалмайды ғой. Өзінің өміріне де қатер төнді. Соған қарамастан сын сәтте сыр берген жоқ. Оның мұндай ерлігіне елдің алғысын естігенде мерейіміз өсті. Бұрын мұндай қасиеттерді байқаған жоқпын десем де болады.

- Елордада белгілі құрылыс компаниясы Сәбитке үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Отбасысын астанаға көшіру ойында бар ма?

- Қазір Сәбит сол пәтердің құжаттарын дайындау қамымен жүрмін деп айтты. Тағы бір қуаныштысы, сын сәтте қасында болған досы Сағи да пәтерлі болып жатыр екен. Әрине, олар сол уақытта халық тарапынан мұндай құрметке ие боламыз деп ойлаған да жоқ шығар. Басты мақсаты - бүлдіршінді құтқару екені белгілі. Уақыты келгенде елордаға барамыз деп отырмыз.

Сәбитті арнайы қабылдаған Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жүздесуде оған жұмысқа орналастыруға көмектесетінін айтты. Ал менің мамандығым – банк қызметкері. Алайда отбасылы болғаннан кейін қызмет атқарған емеспін. Нұр-Сұлтанға барғаннан кейін көре жатармыз. Ал балаларды мектепке орналастыруға қала әкімі уәде беріпті.

- Сәбитпен бірге бүлдіршінді құтқарған Сағимен туысқандық байланыс бар ма?

- Ол жайында Сәбит телеарнаға берген сұхбатында да айтып берген еді. Рас, туысқандық байланысымыз да бар. екеуі астанада бір пәтерді жалдап тұрып жатыр. Ол да Жалағаш ауданының Ақарық ауылында туған, отбасылы.

Еске салсақ, кеше таңертең елордада уақытша тұрып жатқан Қызылорда тұрғыны 8-қабатта терезеден салбырап тұрған бүлдіршінді құтқарып қалды. Бұл оқиғаның видеосы желіде кең таралып, Сәбит Шонтақбаевтың батыл әрекетіне көпшілік тәнті болды. ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев азаматты «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттаса, Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов жеке қабылдап, оның Локомотив зауытына жұмысқа орналастырылатынын айтты.

Ал «G-парк» құрылыс компаниясы оған үш бөлмелі пәтер сыйға тартты.

Кейіннен Сәбитке кішкентай қызды құтқаруға Сағи есімді жігіттің көмек көрсеткені белгілі болып, әлеуметтік желі қолданушылары оған да пәтер беру керектігін жазған еді. Көптің қалауы орындалып, енді бүгін Сағи да баспана кілтін алды.



Соңғы жаңалықтар