Ерлікпен қаза тапқан тараздық полицейдің отбасына 3 бөлмелі пәтер берілді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан полицейлер мен әскерилер мемлекеттік наградалармен марапатталған болатын. Сол бүлікте ерлікпен көз жұмған батырлардың бірі Тараз қалалық полиция басқармасы 1-бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Рахат Сланбеков, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденін марқұмның анасына табыс етті. Сондай-ақ артында жары, бес ұл-қызы қалған батырдың отбасына 3 бөлмелі пәтердің кілті берілді.

ҚР Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінде өткен шараға Рахат Сланбековтің отбасы, туған-туыстары мен әріптестері қатысты. Олар марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Аймақ басшысы сын сағатта ерлік танытқан Рахаттың есімі ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тыныштығын күзету жолында, қаскөйлерге қарсы күресте опат болған батырларды түрлі мемлекеттік наградалармен марапаттап, лайықты құрмет, отбасыларына қажетті көмектер көрсетуді тапсырған болатын.

Бүлікшілердің қолынан қаза тапқан Рахаттың ерлігі мен өрлігі өзінің әріптестеріне, кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Ол қызметтік міндетін абыройлы, адал атқара отырып, өзінің нағыз патриот, елжанды ер азамат екенін дәлелдеп кетті. Елдің амандығы, бейбіт тұрғындардың тыныштығы жолында өзін құрбан етті. Рахат секілді батыр ұландардың есімін елі ешқашан ұмытпайды.

Арыстай азаматтың қазасы бәрімізге ауыр тиді. Отбасы мен жақын туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Артында қалған ұл-қыздарына тек жақсылылық, ұзақ ғұмыр тілейміз», - деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.

Аймақ басшысы туған жерін, қаласын қорғау кезінде көз жұмған әскерилердің, полиция мен қауіпсіздік саласы қызметкерлерінің отбасыларын мемлекет тарапынан қолдау шаралары жалғасатынын, жергілікті әкімдік те әркез көмектесуге әзір екендігін жеткізді.

Өз кезегінде Рахаттың анасы Ұлбосын Жапарова Отан үшін опат болған ұлының қазасына көптің ортақтасқанына, ерлігі ескерусіз қалмай, Мемлекеттік наградамен марапатталғанына ықыласын білдіріп, елдің амандығын тіледі.


Соңғы жаңалықтар