Ермек Маржықпаев «Ұшқын - Көкшетау» волейбол командасының басшылығымен кездесті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыстық волейбол федерациясының өкілдері және «Ұшқын - Көкшетау» кәсіби волейбол командасының жаттықтырушыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде аймақ басшысы облыстық волейбол федерациясының президенті болып сайланған М.Сырлыбаевты және «Ұшқын - Көкшетау» волейбол командасының бас жаттықтырушысы В.Осиповты құттықтап, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.

Айта кетейік, команда жаттықтырушысы В.Осипов Украинадан шақырылған, ол жақта «Днепр» МВК және ұлттық құраманы жаттықтырған.

Ермек Маржықпаев өңірде халық санының аздығына қарамастан, аудандардағы 10 спорт мектебінде 500-ге жуық бала волейболмен айналысатынын атап өтті. Жасөспірімдердің арасынан негізгі командаға ойыншаларды таңдау бойынша іріктеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, жаңа жаттықтырушының келуімен жерлестеріміздің жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектестігін білдірді. В.Осиповтың команда және алдағы жоспарлары туралы пікірін сұрап білді.

«Команданың жеңіске деген жігері мол. Маған ойыншылардың соңына дейін күресетіні ұнады. Бүгінгі қол жеткізген жетістікерімізді одан әрі нығайтып, Ұлттық лиганың жоғары лигасына шығып, өнер көрсету», - деді В.Осипов өз сөзінде.

Аймақ басшысы өңірде спортты дамытуға бюджеттен бөлінген қаржыны мақсатты пайдалану қажеттігін, қажет болып жатса, қосымша қаржы бөлінетінін атап өтті.

«Команда да тұрақтылық болмаса, ойыншылардың жеңіске деген жігері болмайды. Біздің басты мақсатымыз команданы қолдап, қажетіліктерімен қамтамасыз ету, сонда ғана спортшылардың жеңіске жетуіне жағдай жасалады. Волейболдан Ұлттық лигадағы командалар арасындағы ҚР 28-ші чемпионатының бесінші турын Көшетауда өткізу туралы ұсыныс жасайық. Бұл Ақмола облысында волейболдың дамуына зор септігін тигізер еді. Менің ойымша, команданың ойындарын дұрыс ұйымдастыратын болсақ, өңірде бұл спорт түрі футболмен және хоккеймен салыстырғанда танымалдылығы арта түсетіні анық. Команданың жеңісі бірінші кезекте жаттықтырушыға байланысты, сондықтан оған ешкім кедергі келтірмеуі тиіс», - деді Е.Маржықпаев.

Аймақ басшысы облыстық волейбол федерациясының президентіне аудандардағы спорт мектептерінің қазіргі жағдайымен танысып, орын алған мәселелерді біліуді тапсырды.

Еске сала кетейік, «Ұшқын - Көкшетау» волейбол командасы 2019 жылы құрылған болатын. Қазіргі таңда волейболдан ҚР чемпионатының екінші туры бойынша Жоғары лигадағы ерлер командасы көш бастап тұр.

Аслан Оспанов.

Соңғы жаңалықтар