Ержүрек ақтөбелік полицейдің отбасына төсбелгі табыс етілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қалалық полиция басқармасы жол-патрульдік полиция батальонының қаза тапқан полиция қызметкері Талғат Бекетовтің ата-анасына арнайы медаль табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талғат Бекетовтің отбасына облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиев және патрулдік полиция батальонының басшы құрамы барды. Құқық бұзушыны ұстау кезінде көрсеткен кәсіби іс-әрекеттері үшін полицей қайтыс болғаннан кейін ата-анасына «Құқық тәртібінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табыс етілді.
Деректерге сүйенсек, 2016 жыл сәуір айында аға полиция сержанты Талғат Бекетов серіктесімен бірге «Мазда-323» автокөлігін тоқтатты. Құжаттарды тексеру барысында ол жүргізуші мен жолаушының қолынан сыра бөтелкесін байқады. Кейін анықталғандай, екеуі де мас болған. Жүргізуші полиция қызметкерінің ескертуіне құлақ аспай, құжаттарын көрсетпеген. Содан кейін Т. Бекетовті көлігімен қағып кеткен. Автокөлікті тоқтату мақсатында Талғат табельдік қаруды қолдануға мәжбір болды. Жүргізуші оған да мән бермей, көлігінің алдыңғы бөлігіне жармасқан полицейді түсіріп кетпек болды. Жылдамдықты асырып, қауіпті маневр жасаған.

Т. Бекетов осы сәтті пайдаланып, көліктің бүйір терезесі арқылы салонға кіруге тырысты. Жолаушы сыра бөтелкесін сындырып, Т. Бекетовтың аяғына бірнеше рет соққы жасады. Соған қарамастан құқық бұзушы ұсталды.
«Полиция аға сержанты Т.Бекетов 2016 жылы маусым айында террорлық шабуылдарда батылдық көрсетті. Ерекше көзге түскен полицей орден және төсбелгілермен марапатталды. 2016 жылдың 16 шілдесінде Талғат Бекетов жол апатынан қаза тапты. Оның артында әйелі мен екі баласы қалды. Төсбелгі ержүрек, патриот, отансүйгіш азамат тәрбиелеген ата-анасына берілді», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.


Соңғы жаңалықтар