Есеп комитеті жұртшылықпен өзара іс-қимылды күшейтуге ниетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованың «Есеп комитеті – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесін ашу бойынша екі жақты кездесуі өтті.

Іс-шара Есеп комитеті мүшелерінің, аппаратының және ведомстволық бағынысты ұйымының, Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және облыстар бойынша тексеру комиссиялары төрағаларының, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органдары басшыларының, сондай-ақ жұртшылық өкілдерінің қатысуымен өтті.

Жобалық кеңсе екі ведомствоның Мемлекет басшысының Есеп комитеті мен тексеру комиссияларының функционалын күшейту жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және парасаттылық қағидаттарын ілгерілету бойынша жедел жұмыс қажеттігі туралы өзара түсіністігінің нәтижесі болып табылады.

Іс-шараны аша отырып, Н. Годунова сыбайлас жемқорлық көріністерінің уақтылы алдын алудың маңыздылығын атап өтті, Есеп комитетінің өткен жылғы қызметінің қысқаша қорытындылары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда екі ведомствоның күш-жігерін біріктіру, барлық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау, бюджет қаражаты мен Ұлттық қор активтерін бірлесіп қадағалау бойынша шаралар қабылдау ұсынылды.

Агенттік төрағасы А. Шпекбаев сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюдан бастап парасаттылық қағидаттарын бөліспейтін қызметкерлерден тазартуға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы инфрақұрылымды құрудағы Есеп комитеті мүшелерінің рөліне назар аударды.

«Мемлекеттік аудит органдарына қосымша функциялар бере отырып, Есеп комитеті мен тексеру комиссиялары қызметкерлерінің, ең алдымен, олардың басшыларының парасаттылығы мен адалдығын арттыру туралы ұмытпау маңызды. Жемқорлық Заңға құрмет көрсетпеуден басталады», - деп атап өтті сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысы.

Қатысушылардың пікірінше, бұған қоғамдық көмекшілер – сарапшылар, кеңесшілер және жай қамқор азаматтар көмектесе алады.

Осыған байланысты, Жобалық кеңсе шеңберінде жұртшылық пен БАҚ өкілдері қатарынан сараптамалық кеңес құрылатын болады.

«Есеп комитеті – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жоғары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз етуге жаңа серпін береді.

Осылайша, Есеп комитеті тұрақты диалог арқылы жұртшылықты өз қызметіне тартуға дайын.

Кеңес қорытындысы бойынша аудиторлық іс-шараларды өткізу кезінде, оның ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке берілген аудит материалдары бойынша өзара іс-қимылды күшейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Өңірлік тексеру комиссияларына осындай жобаны әзірлеу және іске асыру ұсынылды.


Соңғы жаңалықтар