Еуро-2020: Қазақстан Сан-Мариноны жеңе ала ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы 2020 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысындағы тоғызыншы тур ойынын сырт алаңда Сан-Мариноға қарсы өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, екі құрама биылғы 11 маусымда елордада бір мәрте кездесіп үлгерді. Бұл кездесуде қазақстандық футболшылар қарсыласын 4:0 есебімен тізе бүктірген болатын.

Сан-Марино - әлемдегі ең шағын мемлекеттің бірі. Бұл ел дүние жүзінде жер көлемі жөнінен 190-орынды иеленеді. Халық саны - 33 мыңнан астам. Аталмыш мемлекет Италияның ортасында орын тепкен. Сан-Марино футбол федерациясы 1931 жылы құрылған. Дегенмен, FIFA және UEFA құрамына 1988 жылы қабылданды. Олар - әлемдегі ең әлсіз құраманың бірі. FIFA-ның соңғы рейтингінде ең соңғы орында тұр.

Сан-Марино құрамасы бүгінге дейін әлем чемпионаты іріктеу кезеңінде барлығы 66 ойын өткізді. Нәтижесінде екі мәрте тең түсіп, қалғанының барлығында қарсыласына есе жіберді. Алғаш рет 1993 жылдың 10 наурызында өз алаңында Түркиямен 0:0, одан кейін 2001 жылдың 25 сәуірінде сырт алаңда Латвиямен 1:1 есебімен тең түсті. Қарсыластар қақпасына 11 мәрте гол соғып, өз қақпасына 310 доп жіберіп алды. Аталмыш турнирде олардың ең ірі жеңілісі ретінде 2001 жылдың 28 ақпанында сырт алаңдағы Бельгиямен өткен ойындағы 1:10 есебі тіркеліп отыр.

Сан-Марино құрамасы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында барлығы 70 ойын өткізді. Олар бір мәрте өз алаңында 2014 жылдың 15 қарашасында Эстониямен 0:0 есебімен тең түсіп, қалғанының барлығында жеңілді. Бұл турнирдегі ең ірі жеңілісінде 2006 жылдың 6 қыркүйегінде Германияға 0:13 есебімен жол берген.

Биылғы іріктеу сатысында Сан-Марино сегіз кездесудің барлығында қарсыласына есе жіберді. Қарсыластар қақпасына бірде-бір гол соға алған жоқ. Есесіне өз қақпасына барлығы 43 гол жіберіп алды. Сан-Марино құрамасы Бельгия және Ресейден бір кездесуде тоғыз-тоғыздан гол жіберіп алды.

FIFA рейтингінде Сан-Марино ең соңғы 209 орында тұр. Бұл аталмыш құраманың әлеуеті қандай екенін көрсетеді. Сан-Марино және Қазақстан құрамалары арасындағы кездесу елорда уақытымен 23.00-де басталады. Кездесу Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Сондай-ақ, бүгін I тобында Ресей мен Бельгия, Кипр мен Шотландия құрамалары кездеседі.

Соңғы жаңалықтар