Эверестке шыққан екі аяғы жоқ қазақстандық: Үрей көп болды...

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астаналық Мария Әуезова екі аяғы жоқ мүгедек. Соған қарамастан жерлесіміз Эверест базалық лагері мен Кала-Патхар тау шыңын өрмелеп бағындырды. 10 күнге созылған экспедицияның қызығы мен қиындығы туралы ҚазАқпарат тілшісі әуесқой альпинисттің өзінің сұрап білген болатын.

Тағдырдың сынағына іліккен елорда тұрғыны Мария Әуезова қос аяғынан осыдан 6 жыл бұрын айырылған. Дегенмен өмір сүруге деген құлшынысы мен жақындарының қолдауының арқасында Мария өз арман-мақсаттарына қол жеткізіп келеді.

«Эверест базалық лагеріне өрмелеп бағындыру менің басты мақсаттарымның бірі болды. Дайындықты жетекшім Вадиммен бірге осыдан 6 ай бұрын бастадық. Жалпы тау басына шығу экспедициясы 10 күнге созылды және осы уақыт аралығында біз екі қашықтықты бағындырдық. Бірінші, Эверест базалық лагері 5364 метрді құрайды және Кала-Патхар тауына басына шықтық ол 5640 метр. Күніне шашамен 300 метрді бағындырып, барлығы 60 шақырым жол жүріп өттік», - деді Мария Әуезова.

Тау шыңын бағындыруда астаналық әуесқой альпинисттің қасында жетекшісімен қатар өмірлік жолдасы болған.

«Жол бойы шаршағанда немесе өздігімнен өте алмайтын жерлерде жетекшім мен күйеуім көмектесіп отырды. Әрине жол оңай болған жоқ, биікке көтерілген сайын ауа жұту да қиындай түсті және суық болды. Оның үстіне жол-жөнекей өте көп қодас (як) тобын кездестірдік, жабайы жануарлар үстімнен басып өте ме деген үрей көп болды. Қай жағынан алып қарасақта жол ауырға соқты, бірақ ол үшін еш өкінбеймін», - дейді ол.

Сондай-ақ, жерлесіміз айналысатын негізгі кәсібі және болашақтағы арманымен бөлісті.

«Жалпы тауға өрмелеуде аздап тәжірибем бар, бұған дейін Бурабайдағы үш бірдей тау шыңын бағындырғам, оның ішінде ең биік Көкше (Синюха) тауы да бар. Негізі өзім мүгедектер қоғамының директоры боламын, одан бөлек өзімнің полиграфиялық кәсібім бар. Ендігі арманым Хан-Тәңірі шыңын бағындыру», - М. Әуезова.

Еске салсақ, бұған дейін аяғы жоқ қазақстандық Эверестке шыққан тұңғыш альпинист қыз болғаны туралы хабарлаған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар