Фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 9,1 пайызға артты – Бейбіт Атамқұлов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштерді баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылдың 1 тоқсанның қорытындысында еліміздің өңдеуші өнеркәсібі барлық секторларында оң үрдіс сақталды. Жиынтық көрсеткіш 107,5 пайызды құрады. Машина жасау саласында 121,8 пайыз өсім болды. Автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер (+20,7%), машиналар мен жабдықтар өндірісі (+56,6%), өзге де көлік құралдары (+65,9%), компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар (+52,1%), электр жабдықтарын жасау (+9,8%), жөндеу және орнату (+5,4%) артты», - деді министр Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, түсті металлургияда да оң динамика сақталып, өсім 3,4% болды. Оған тазартылған алтын (+16%), тазартылған күміс (+21%), құйма алтын (+32%), тазартылған мыс (+1%) және басқа да көрсеткіштердің өсімі есебінен қол жеткізілді. Қара металлургияда нақты көлем индексі 100,1% құрады. Шойын (+6%), көміртекті болат (+21%), ферро-силико-марганец (+27%) өндірісі өсті.

«Фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 9,1% артты. Саладағы өсім негізінен халықтың дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға деген сұранысының артуы есебінен болды. Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 3,1% өсті. Оған киімнің (+25,8%) және былғары өнімдердің (+32,7%) ұлғаюы әсер етті. Дезинфекциялық құралдар мен минералдық тыңайтқыштарға сұраныстың өсуі химия өнеркәсібінің өндіріс көлемін арттырды. Өсім 14,2% құрады», - деді Атамқұлов.

Оның сөзіне қарағанда, құрылыс материалдары өндірісі 130,1% болды. Оған жылу оқшаулағыш материалдар (2 есеге), портланд-цемент (+35,3%), гипс (+9,7%), кірпіштер (+8,2%) және құрылыс ерітінділері (+9,3%) өндірісінің артуы есебінен қол жеткізілді.


Соңғы жаңалықтар