Фермерлерге тыңайтқыш көлемінің жартысына жуығы жеткізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл фермерлер тұқыммен толықтай қамтамасыз етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл егін егу науқанын жүргізу үшін 2,3 млн тонна тұқым қамтамасыз етілді. Бұл өз кезегінде қажет көлемнің 100 пайызын қамтып отыр», - деп атап өткен Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚазАқпаратқа берген мәліметінде.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл барлығы 670 мың тоннадан астам тыңайтқыш жеткізу қарастырылған. Аталған көлемнің 308,1 мың тоннасы немесе бекітілген көлемнің 46 пайызы жөнелтілді.

Ведомство мәліметіне қарағанда, биылғы көктемгі егіс науқанына 147 мың трактор, 4,7 мың жоғары өнімді егін егу кешені, 77 мың дән сепкіш етхника, 250 мың басқа да топырақ өңдеу жабдықтары тартылды.

«Егін егу жұмыстарын жүргізу үшін 400,2 мың тонна дизель отыны бөлінді (былтыр 380 мың тонна болған). Биылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуді қаржыландыру үшін 140 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит, сондай-ақ астықты форвардтық сатып алу аясында 80 млрд теңге қаралды», - делінген министрлік ақпаратында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жалпы жаздық егіс 23 млн гектарға жоспарланған.

Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 15,8 млн гектар, майлы дақылдар – 2,9 млн гектар, көкөніс-бақша дақылдары мен картоп – 475,5 мың гектар, жем-шөп дақылдары 3,7 млн гектар аумақты қамтиды.


Соңғы жаңалықтар