Формулалары бар дәптер, колбалар: Елордада есірткі дайындайтын зертхана анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жер үйлердің бірінен «жылдамдық» және «Амфетамин» деп аталатын синтетикалық есірткіні дайындаумен айналысып келген зертхана анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, есірткі өндірісін Екібастұз қаласының тұрғыны ұйымдастырған.

«Күдікті жалға алған тұрғын жайды тінту кезінде синтетикалық есірткі өндіру үшін пайдаланылатын химиялық заттар, психотроптық заттар салынған колбалар, химиялық формулалар жазылған дәптерлер, өлшеу таразылары мен газқағарлар, сондай-ақ есірткі дайындау кезінде қолданған жеке химиялық қорғау костюмі тәркіленді», - деп хабарлады полициядан.

Сондай-ақ, жедел қызметкерлер сатуға дайындалып қойған бір дозалық 1500-ден астам есірткіні тапты.

«Мамандар химиялық реакциялардың ерекшеліктеріне байланысты синтетикалық есірткіні дайындау кезінде олардың өздігінен жануы немесе жарылып кету қаупі болған. Бөлінетін күйдіргіш газ адамның денсаулығына орны толмас зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан зертхананы жоюды ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері химиялық қорғау киімдерімен жүзеге асырды», - делінген ақпаратта.

Атап өтілгендей, ұсталған азамат өткір иістің шығуын тұрғын үйдің иесіне «көлікке арналған бояу шығарамын» деп түсіндірген.

Күдікті өз «тауарын» мол партиялармен қаланың әр жеріне тығып қалдыру әдісімен интернет арқылы сатқан.

«Мәселен, тергеу әрекеттерін жүргізу барысында қалалық зираттан 315 грамм есірткі заты тәркіленді. Қазіргі уақытта ұсталған азамат қамауға алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі («Есірткі заттарды, психотроптық заттарды және сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұл бапқа сәйкес мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қылмысқа қатысы барларды анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», - деді Полиция департаментінен.

Соңғы жаңалықтар