Футбол: «Ақжайыққа» жаңадан екі украиналық ойыншы қосылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Премьер-лигада өнер көрсететін «Ақжайыққа» жаңадан екі украиналық ойыншы алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақжайық» футбол клубының директоры Азамат Шайхының айтуынша, қорғаушы Артем Барановский мен шабуылшы Микола Ковталюкпен келісімшартқа қол қойылды.

Тәжірибелі А.Барановский 30 жаста. Оған Қазақстан премьер-лигасы да таңсық емес, қорғаушы бұған дейін «Шахтер» (Қарағанды), «Қызылжар» (Петропавл) командаларының намысын қорғады.

Ал 25 жастағы М.Ковталюк осы кезге дейін Украина, Грузия клубтарында ойнаған. Соның ішінде «Динамо» (Тбилиси) құрамында Грузияның күміс жүлдегері атанған.

«Команда осымен толық жасақталды. Қазір Оралдамыз. 14 наурыз күні Қостанайдың «Тобылымен» сырт алаңда өтетін алғашқы ойынға дайындалу үстіндеміз», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Шайхы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Қайратта» доп тепкен екі ойыншының «Ақжайыққа» алынғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар