Футбол: Ковталюктың үш добы «Ақжайыққа» жеңіс әперді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының тоғызыншы турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Жетісу» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін оралдықтар турнир кестесінде 9 ұпаймен тоғызыншы орында келе жатса, талдықорғандықтар көш соңында еді.

Матч алаң иелерімен шабуылымен басталды. Алдымен Эльдар Абдрахманов тамаша мүмкіндікті мүлт жіберді.

Дегенмен 22-минутта дәл осы Эльдардан пас алған украиналық шабуылшы Николай Ковталюк «Ақжайық» сапындағы алғашқы голын соқты. Бұдан кейін де украиналық маман Владимир Мазяр шәкірттерінің есепті еселейтін мүмкіндіктері болды. «Жетісу» қақпасы Андрей Шабанов қауіпті соққыларды қайтара білді.

Бірінші тайм соңында доп Еркін Тапаловтың қолына тиіп, айып добы белгіленді. Оны 43-минутта тәжірибелі қорғаушы Александр Кислицын дәл орындап, таразы басын теңестірді – 1:1.

Екінші таймда Иван Антиповтан керемет пас алған Н.Ковталюк 51-минутта допты алға шығып кеткен А.Шабановтан асыра салды – 2:1.

Бұдан кейін А.Кислицын мен «Жетісу» сапындағы эстониялық Артем Дмитриев мүлт кетті. 72-минутта Адам Адахаджиевтің айып алаңына кірместен соққан добы «Ақжайық» қақпасының бағанасына тиіп, кіріп кетті – 2:2.

Матч аяқталуына санаулы минуттар қалғанда, Н.Ковталюк үшінші голын соқты – 3:2.

Осы ойыннан кейін 12 ұпай жинап, сегізінші орынға көтерілген оралдықтар келесі кездесуін 8 мамыр күні Қызылордада «Қайсар» командасымен өткізсе, «Жетісу» «Ақтөбені» қабылдайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Астананың» өз алаңында «Ақжайықтан» басым түскенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ «Қайрат» «Астанадан» жеті ұпайға қалып қойды.




Соңғы жаңалықтар