Футзал: Израиль мен Қазақстан құрамалары арасындағы кездесу кейінге шегерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіндегі Израиль мен Қазақстан құрамалары арасындағы ойын кейінге шегерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат футбол федерациясына сілтеме жасап.

Кездесу 28 қаңтарда Израильдің Ришон-ле-Цион қаласында өтуі тиіс болатын. Аталған мемлекетте 26-31 қаңтар аралығында коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында халықаралық рейстер жабылды. Сондықтан аталған ойынды кейінге шегеру жөнінде шешім қабылданды.

Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (UEFA) екі құрама арасындағы ойын өтетін жаңа мерзімді кейін белгілейтін болды.

Қазақстан құрамасы бесінші топта сынға түседі. Қарсыластары - Венгрия, Беларусь және Израиль құрамалары.

Қазақстандық футзалшылар алғашқы ойында өз алаңында Венгриядан 5:0 есебімен басым түсті.

Алғашқы турдан кейін Қазақстан құрамасы бірінші орынға шықты. Екінші орында Беларусь тұрса, одан кейінгі орындарда Израиль және Венгрия құрамалары келеді.

Әрбір топтың жеңімпазы мен үздік нәтижеге жеткен екінші орындағы алты құрама финалдық кезеңге тікелей жолдама алады. Ал екінші орындағы төмен нәтиже көрсеткен екі құрама 2021 жылдың 14 және 17 қараша күндері тағы бір жолдамаға таласады.

Финалдық турнир 2022 жылдың 9 қаңтары мен 3 ақпаны аралығында Нидерланды елінде өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар