Футзалдан Еуропа чемпионаты: Қазақстан мен Словения тең ойнады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі алғашқы ойынын Словенияға қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салсақ, қазақстандық құрама В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Италия, Словения және Финляндия.

Бүгінгі кездесуді қазақстандық футзалшылар сәтсіз бастады. Бірінші кезеңде қақпашы Игита өрескел қателік жіберіп алды. Нәтижесінде словениялық Денис Тотошкович 10-минутта ашық қақпаны дәл көздеді. Ал 11-минутта қазақстандық Альберт Ақбалықов қарсылас құрама қақпашысына дөрекі қимыл көрсетіп, «қызыл» қағазбен алаңнан қуылды.

Бұдан кейін қазақстандық футзалшылар таразы басын теңестіруге ұмтылды. Ойынның 15-минутында Дуглас Жуниор бұрыштамадан әуелете берілген допты қақпа торында тулатты.

Екінші кезеңнің 22-минутында Матей Фидершек қайтадан Словения құрамасын алға шығарды. Ал 24-минутта Біржан Оразов тағы таразы басын теңестірді. Бұдан кейін Жига Чех 30, Тео Турк 32-минутта Словенияның басымдығын арттырды. Ойынның 35-минутта Жомарт Тоқаев есеп айырмасын қысқартса, Дуглас Жуниор 38-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Осылайша Қазақстан алғашқы кездесуінде қарсыласымен 4:4 есебіне қанағат білдірді.

Айта кетсек, құраманың бас бапкері Рикардо Кака коронавирус жұқтырып, бүгінгі кездесуге қатыса алмады. Оның міндетін көмекшісі Сергей Коридзе атқарды.

Енді ұлттық құрама 24 қаңтарда Финляндиямен, 28 қаңтарда Италиямен шеберлік байқасады.

Еске салсақ, Қазақстан құрамасы бұған дейін Еуропа чемпионаты финалдық сатысында екі мәрте сынға түсті. 2016 жылы - 3, 2018 жылы 4-орын алды.


Соңғы жаңалықтар