Ғалым жаңартылған әліпби жайында: Оқырман мен жазарман үшін ең қолайлы нұсқа

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы жылдың 28 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жетілдірілген қазақ әліпбиінің жобасын мақұлдады. Жаңа жоба жөнінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Хабиевадан пікір білдіруді сұраған едік.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың латын графикасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиін жетілдіру қажет деген тапсырмасы және бұл істің ғалымдардың тікелей қатысуымен жүзеге асырылуы керек деген пікірі тілтанушылар арасында үлкен қолдау тауып, сенім мен үміт ұялатқан болатын. Себебі осыған дейін бекітілген диграфты, апострафты және акутты әліпби жобаларының әзірленуіне институт ғалымдары тартылмай, тілтанушылардың латын графикасы негізіндегі қазақ жазуына қатысты зерттеу нәтижелері мен ұсыныстары ескерусіз қалып келген еді. Ал осы жылдың қаңтар айында Ұлттық комиссия отырысында таныстырылған 31 әріптік әліпби жобасының әзірленуіне А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары мен Орфографиялық жұмыс тобының мүшелері қатыстырылып, өз ой-пікірлерін білдіруге, оны негіздеуге, құзырлы мекемелерге ұсыныс жасауға мүмкіндік берілді», – деді Алмагүл Алтайқызы.

Ғылыми қызметкердің атап өтуінше, соңғы үш-төрт жылда жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар мен насихат жұмыстарының нәтижесі ел арасында реформаға кететін қаржылай шығындарға, кирилграфикалы әдеби, мәдени мұралардың жойылып кету қаупіне, бір кеңістікте екі түрлі графиканың қатар жүруінің кері әсеріне алаңдаушылық бар екенін байқатты. Бірақ, жалпы алғанда, латын графикасына көшу идеясы тіл иелмендері тарапынан қолдау тауып, ел тәуелсіздігінің нығаюы мен ұлттық сананың жаңғыруына үлкен серпіліс әкелетініне сенім көрсетілді. Осы ретте Алмагүл Хабиева БАҚ, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, пікір-талас тудырып жатқан негізгі проблемалар – таза лингвистикалық мәселелер екеніне назар аудартады.

«Мынау дауысты дыбыс па, дауыссыз дыбыс па? Мына сөзді буынға қалай бөлеміз? Қалай тасымалдаймыз?» деген сияқты сауалдар мен оларға қайтарылып жатқан жауаптардың кейбірінен әріп пен дыбысты, сөзді буынға бөлу мен сөз тасымалын, яғни орфография мен орфоэпияның категорияларын шатастыру байқалады. Ұсынылған әліпби жобасындағы таңбаларға қатысты «дауысты/дауыссыз дыбыс» деп сөз айтудың өзі қисынға келмейді. Өйткені әліпбиде көрсетілген 31 таңбаның барлығы да әріп болып танылады. Ал олардың қандай дыбыс пен дыбыс түрленімін таңбалайтынын фонетикалық транскрипциядан көре аламыз. Мысалы, /о/ әрпі «қол» сөзінде [о] дыбысын берсе, «орман» сөзінде [уO] дыбысын білдіреді; /у/ әрпі «тау» сөзінде үнді [у] дауыссыз дыбысын берсе, «уық» сөзінде [ұу] дыбыс тіркесін білдіреді.

Сондай-ақ «а-та, ә-же, сұ-уы, і-йі» деп буынға бөлінгенімен, жазуда бұл сөздер тасымалданбайды: ата, әже, суы, иі; [дош-шаран], [дұрұс] [қар`ала] деп айтылғанымен, «дос-жаран», «дұрыс», «қара ала» деп жазылады. Яғни, «дыбыс, буын» ұғымы сөздер мен сөз тіркестерін дұрыс айту, орфоэпияға қатысты түсінік болса, «таңба, әріп, тасымал» ұғымы сөздер мен сөз тіркестерін дұрыс жазу, орфографияға қатысты түсінік болып саналады. Біреуі тілдің жазбаша түріне, екіншісі ауызша түріне қатысты осындай маңызды тілдік білім мектеп табалдырығынан бастап мықтап меңгерілуі тиіс деп есептейміз. Сондықтан да баланың оқу, жазу дағдысын қалыптастыруға арналған оқу мақсатымен қатар, сөздерді дыбыс құрамына ажырату, буынға бөлу, дыбыстарды, сөздерді орфоэпиялық нормаға сәйкес дұрыс айту дағдысын қалыптастыруға бағытталған оқу мақсаты, әсіресе бастауыш сыныпта, қазіргі 2-4-сыныптарға арналған оқу бағдарламасындағыдай, оқу жылының І тоқсанында ғана көрініс таппай, ұзақ мерзімді жоспардың төрт тоқсанынан да орын алуы керек деп ойлаймыз», – деді тіл маманы.

Ғалымның пайымынша, өйткені баланың бір тоқсанның ішінде дыбыс үндесімі мен үйлесімін сақтап сөйлеу дағдысы толық қалыптасып кете алмайтыны белгілі.

«Латын-ағылшын әліпбиінің базалық әріптерімен қатар диакритикалық таңбалары бар әріптердің (ä, ö, ü, ū, ğ, ŋ, ş) басқа тілдер әліпбиі мен Юникод жүйесінде кездесуі, әріптердің қолданылу жиілігі, әріптер тұрқы мен графикалық бейнесінің танымалдылығы, таңбаның прагматикалық, психологиялық, педагогикалық, техникалық, типографиялық белгі-ерекшеліктері, ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан адамдардың білімі, танымы, санасы деген сияқты алуан түрлі тілдік және тілдік емес жайттар ескеріліп, әзірленген соңғы әліпби жобасы көзшалым мен қолшалымға жеңіл, мәтінді түсінуге, теруге оңтайлы, оқырман мен жазарман үшін, тіл үйренуші үшін қолайлы нұсқа деп есептейміз», – деді Алмагүл Хабиева.


Соңғы жаңалықтар