Газ баллондарынан толықтай бас тарту әзір мүмкін емес – министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Газ баллондарынан толықтай бас тарту әзір мүмкін емес. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында қай жылдан бастап Қазақстан газ баллондарын пайдаланудан бас тартатындығы сұралды.

«Жарылу қаупі бар газ баллондарынан толықтай бас тарту мүмкін болмайды. Себебі шалғайда орналасқан ауылдарда, кейбір кәсіпорындар әлі де осы газды пайдаланып келеді. Осы сұрақ астарында жақында Нұр-Сұлтан қаласындағы қайғылы оқиға аталып отырған шығар. Бұл жағдайға байланысты қаза болған адамның жақындарына көңіл айтамын», - деді министр.

Осы орайда Н. Ноғаев газ жабдықтарына қатысты кез келген жұмыс қауіпті екенін атап өтті.

«Бұл бағыттағы жабдықтар күрделі техникалық құралдар болып саналады және онда жоғары қысым болады. Сондықтан газды пайдалануға қатысты кез келген техникалық жабдықты іске қосу үлкен жауапкершілікті талап етеді», - деді министр.

Еске сала кетейік, 21 қарашада елордада дәмханалардың бірінде газ баллоны жарылып, 1 адам қаза тапты.

Елорда ауруханаларында 23 адам емделіп жатқаны хабарланған болатын.


Соңғы жаңалықтар