Геология саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда геология саласын ілгерілетудің басты тетіктері аталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір мемлекеттік геологиялық зерттеуді жандандыру қажеттігі туындап отыр. Бұл ретте 2020-2022 жылдары геологиялық зерттеулер жүргізуге мемлекеттен 25,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, инвестор өз қаражатын болжамды ресурсы бар, перспективалы базасы қалыптасқан және мемлекет есебінен жүргізілетін кен орындарына құюға дайын. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында геология саласының алдында бірнеше міндет тұр», - деді Серікқали Брекешев ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен геология саласын дамыту тақырыбына арналған дөңгелек үстел барысында.

Министрдің мәлімдеуінше, алдымен геологиялық зерттеу көлемін арттырып, болашағы бар учаскелерді анықтау қажет.

«Екіншіден, геологияны ғылым ретінде дамытып, сала инфрақұрылымына мән беру керек. Бұл бағыттағы жұмыс «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» атты ұлттық жобаның «Геология саласын дамыту» бойынша іс-шараларды іске асыру шеңберінде жүріп жатыр. Үшіншіден, геология саласындағы өндірістік-технологиялық процестерді цифрландыру, автоматтандыру жүйесіне көшіру қажет. Төртіншіден, аталған салаға құйылатын инвестиция тартымдылығын арттырып, минералдық-шикізат базасын молайту үшін заңнаманы жетілдіруіміз тиіс», - дейді ол.

Одан бөлек, ведомство басшысы Қазақстанда геология саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдама жобасы әзірленгенін айтты.

Бұған дейін С. Брекешев моноқалаларда кен қорын уақтылы толықтыру қажеттігі мәселесін көтерген еді.


Соңғы жаңалықтар