Геологиялық барлауда Жерді қашықтан зондтаудың жаңа әдістерін қолдану керек - Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Геологиялық барлау жұмыстарын жүргізген кезде геофизикалық зерттеу мен Жерді қашықтан зондтаудың жаңа әдістерін қолдану керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың дәстүрлі өндіруші салаларының тиімділігін арттырып, Қазақстанды геологиялық барлаудың әлемдік нарығына шығару міндетін қойды. Мұнай-газ бен тау-кен металлургиясы салаларын орнықты шикізат базасымен қамтамасыз ету қажет. Қазіргі кен орындары біртіндеп, сарқылуда. Сонымен бірге бүгінгі күні Қазақстан аумағын зерттеу деңгейі 25 пайыздан сәл ғана асып отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке геологиялық барлаудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырды», -деп атап өтті Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің айтуынша, болашақ мемлекеттік бағдарламаның тұжырымдамасы геологиялық саланың инвестициялық тартымдылығын арттырып, Қазақстанды геологиялық барлаудың әлемдік нарығына шығаруға бағытталған.

«Жалпы, ұсынылған тәсілдерді қолдаймыз. Геологиялық барлаудың мемлекеттік бағдарламасын тиімді іске асыру арқылы 1 теңге салып, салаға 4 теңгеге дейін қосымша жеке инвестиция тартуға болады. Еліміздің, әсіресе моноқалалардың маңында минералдық шикізат базасын молықтыру экономикаға оң әсерін тигізіп, өнеркәсіп салаларын дамыту үшін нақты негіз болады. Мұнан басқа, жаңа кен орындарын ашқан кезде жаңа өндірістік кешендер құрылады. Бұл 6 трлн теңгеге дейін инвестиция тартып, 20 мыңға жуық жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Геологиялық барлау жұмыстарын жүргізген кезде геофизикалық зерттеу мен Жерді қашықтан зондтаудың жаңа әдістерін қолдану керек. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне осы жылдың 31 мамырына дейін мемлекеттік бағдарлама жобасын Үкіметке енгізуді тапсырамын», - деді Асқар Мамин.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Геологиялық барлаудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын таныстырған еді.



Соңғы жаңалықтар