Грузин ақыны Маквала Гонашвилидің кітабы таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы қаласындағы республикалық Достық үйінде грузин ақыны Маквала Гонашвилидің «Кешіккен кездесу» атты кітабының тұсаукесерін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қап тауынан алғаш рет жеткен жыр Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен қазақ тілінде жарық көрді. Алғы сөзін жазған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев «Осыдан ІІІ ғасыр бұрын, дәлірек адйтқанда 1712 жылдың қазан айында Грузияның Вахтанг VI патшасының ұйғарымымен ұлы грузин ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» дастаны тұңғыш грузин баспаханасында, тұңғыш грузин кітабы болып басылып шықты. Тас үгітер уақыт толқыны ұлы жырға ешбір сызат түсірмей жанымызға мейірім мен шуақ сыйлап ғасырлар бойы адамзат баласымен бірге жасап XXI ғасырға жетті. 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған жас қазақ жауынгері Хамза Абдуллин Шота Руставелидің кітабын қолдорбасына салып майданға бірге кірген. Оны сын сағатта сырласар, мұңдасар серігіне айналдырған Хамза ақын қасиетті кітапты көзінің қарашығындай сақтап отқа түсірмей, оққа ұшырмай майданнан елге алып келген. Хамзаның аман-сау оралуына да ұлы ақын киесі шапағатшы болған шығар. Содан грузин ақынының ұлы дастанын жас қазақ солдаты ширек ғасыр бойы аударады. Қазақтың кемеңгер жазушысы Ғабит Мүсірепов: «бұл ерек аударма. Екі елдің мәдени кеңістігіндегі аса елеулі құбылыс» деп бағалаған.


1937 жылы желтоқсанда ұлы Жамбыл бабамыз Тбилисида өткен Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының 750 жылдық тойына барады. Сол сапарда көрген-түйгендерінен Жамбыл ақын «Кавказға сәлем», «Ақынға», «Тынық Донның ұлдары» секілді бірнеше өлеңдерін жазды. ХХ ғасырдың ұлы жырауы, жүз жасаған Жамбыл бабамыз: «Жайнаған Грузиннің жас ұлына, Көз түсті тауда жортқан асылына. Түнерген тау басына тұмандайын, Ізіндей я жолбарыс жасырына. Шотаның шырқап салған жыры арналған, Келешек жас өспірім ғасырына» деп жырлайды. Осының бәрі өткеннен бізге аманат өріс табар өнеге.


Қазақтың танымал ақыны Ғалым Жайлыбайдың бастамасымен қазақ тіліне аударылып, бүгін қолдарымызға тиіп отырған осы жинақтың өн бойынан адамға деген, елге, жерге деген мейірім мен шуақ самалы еседі» деп атап өтеді.


Іс-шараға ақын-аудармашы Ғ.Жайлыбай, Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Таныстырылым офлайн және онлайн режімде өтті. ZOOM платформасы арқылы Грузиямен онлайн режімде байланыс орнатылып, кітаптың авторы Маквала Гонашвили мен Грузияның шығармашыл зиялы қауым өкілдері қатысты.


Анықтама: Маквала Гонашвили 1959 жылы Кахетияда дүниеге келген. Оның шығармалары қатарына драматургия, өлеңдер, поэтикалық жинақтар мен балаларға арналған пьесалар кіреді, Маквала шетел поэзиясын аударумен айналысады, 16 кітаптың авторы.

2004-2008 жылдары Грузия Журналистер одағының төрайымы болып сайланды. Галактион Табидзе, Анна Каладзе, Илья Чавчавадзе атындағы сыйлықтардың лауреаты.

Ақынның шығармалары орыс, украин, болгар, итальян, ағылшын тілдеріне және Балтық елдері халықтарының тілдеріне аударылған.


Соңғы жаңалықтар