Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалық іскер әйелдер өкілдерімен кездесті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі іскер әйелдер өкілдерімен кездесті. Жүздесуде аймақты дамыту бағытында келелі ұсыныстар талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі іскер әйелдер қауымымен кездесті. Онда аймақты дамыту бағытындағы келелі ұсыныстары жан-жақты талқыланды.

Жиынға әртүрлі салада жемісті еңбек еткен еңбек ардагерлері, облыстық салалық басқарма басшылары, облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары мен іскер әйелдер қауымы шақырылды.

Басқосу барысында өңір басшысы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық белесінде халықпен етене жақын араласатын әртүрлі саладағы нәзік жандылардың табанды еңбегін жоғары бағалап, өңірді өркендету бағытындағы алға қойған мақсат-міндеттерді бірге орындауға шақырды.

«Биыл - Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі жылы. Әйелдерді экономикаға тарту процесінің кешенді мәселелері менің тұрақты бақылауымда. Осы мақсатта мен аудандарды аралау барысында да, жеке қабылдаулар аясында да олармен кездесулерді тұрақты түрде өткіземін. Бір жылдан астам уақыт ішінде 92 ауылдық округке бардым. Кәсіпкер әйелдермен жеке кездесіп, олардың жұмыстарымен таныстым. Әрбір ұтымды ұсыныс қараусыз қалмайды», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Кездесуде облыстың құрметті азаматы, ұзақ жылдар бойы басшылық қызмет атқарған Алмагүл Божанова іскер әйелдердің белсенділігін арттыру, оларды қоғамдық істерге ұдайы түрде тарту қажеттігін айтып, ортақ мәселе көтеруде бірлескен шешімдерді қабылдауға шақырды. Сондай-ақ, әлеуметтік мәселелерді көтеруде депуттатық корпустағы әйелдердің ұсыныстарының маңызды екенін алға тартты. Кездесуде Арал өңіріндегі судың тапшылығы, қуаңшылық мәселесі, Көкарал су қоймайсын жаңғырту, әйелдердің әлеуметтік жобалармен айналысуы сынды өзекті мәселелер қозғалды.

Алқалы жиында Арал аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ақыл Сәдуақасова, шиелілік Нәйла Палымбет, журналист Сәрсенкүл Биқожа, облыстық мәслихат депутаты, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Аида Абибуллаева, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова өз ой-пікірлерін ортаға салды.

«Бүгінгі еркін кездесу алдағы міндеттерді тағы бір саралауға жол ашты деп есептеймін. Әрине, ұсыныстардың әрбірі өзекті. Оның ішінде судың тапшылығы проблемасы Үкімет деңгейінде қаралып, уақытылы шешім қабылдануда. Мәселен, «Көкарал» су қоймасы бойынша биыл жобалық-сметалық құжаттары толық аяқталды. Сараптамадан өткізу үшін мемлекет тарапынан қаржы да бөлінетін болды. Нәтижесінде келер жылы Көкаралға реконструкция жасау басталады деген сенімдеміз. Қуаңшылық жағдайында Арал өңірінде төтенше жағдай режимін уақытылы жариялап, қажетті қадамдарды іске асырдық. Көрші облыстардың көмегі де мәселені реттеуді жеделдетті. Үкімет деңгейіндегі қолдау шараларының нәтижесі шаруалардың жағдайына оң әсер етті дей аламыз», - деді облыс әкімі.

Жиын соңында Гүлшара Әбдіқалықова өңірдің дамуына сүбелі үлесін қосқан сала ардагерлері мен депутаттарды Алғыс хатпен марапаттады.

Айта кетейік, облыста 823 мыңнан астам тұрғын болса, оның 410 мыңға жуығы әйелдер. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің 87 пайызы, педагогтардың 73 пайызы, жалпы бюджеттік сала қызметкерлерінің 60, мемлекеттік қызметшілердің 37 пайызы нәзік жандылардың үлесінде.

Еске салсақ, Қызылорда әуежайы халықаралық стандартқа сай жаңартылады.


Соңғы жаңалықтар