Гүлшара Әбдіқалықова облыс тұрғындарына үндеу жасады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес 21 сәуірден бастап «сарыдан» «қызыл аймаққа» ауысты. Осыған байланысты аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова тұрғындарға үндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін облысымыз «қызыл аймаққа» енді. Бұл қуанатын жағдай емес. Пандемия басталғаннан бергі уақытта өңірде 4890 жағдай тіркелген. Әлемді дүрліктірген індеттің беті қайтар түрі жоқ. Соңғы уақытта вирус жұқтырғандардың саны тым көбейіп барады.

«Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» дейді дана халқымыз. Сақтық шараларына мән беруді ұмытсақ, қөзге көрінбейтін тажалдың кез келген сәтте қатер төндірері анық. Оны тек сақтану арқылы ғана жеңе аламыз», - деді облыс әкімі.

Облыс әкімі осы ретте жергілікті мекемелердің, халыққа қызмет көрсету орындарының басшылары вирус тез тарайтын адамдар тығыз жиналатын орындарда, ғимараттарда халықтың сапырылысын реттегені жөн екенін атап өтті.

«Денсаулық алдымен өзімізге керек. Сондықтан, әрбір адам өзіне ғана емес, отбасына, туған-туысына, айналасындағы адамдарға зиянын тигізбеуі тиіс. Той-томалақ, ас беру, басқа да көпшілік жиындарды жақсы күндерге қалдыра тұрайық. Денсаулығымыз бәрінен қымбат екенін ұмытпағанымыз жөн. Қарапайым қағидатты ескерейік: маска, антисептик және ара қашықтықты сақтау.

Қауіпті індеттің ұзаққа созылмасы үшін осы қағидаттарды ескеріп, өз денсаулықтарыңызға асқан жауапкершілікпен қарап, карантин талабына бағынуға шақырамын», - делінген облыс әкімінің үндеуінде.

Еске салсақ, Қызылордада карантин шектеуі күшейтілуі мүмкін.



Соңғы жаңалықтар