Гуманитарлық жүктерді өңірлерге 1 күннің ішінде жібереміз – «СК-Фармация» басшысы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанға жеткізілген гуманитарлық жүктер ел өңірлеріне 1 тәуліктің ішінде жіберіледі. Бұл туралы «СК-Фармация» ЖШС-ның басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Гуманитарлық жүктерге қатысты алдын ала ақпараттандыру енгіздік. Бүгінгі күні сертификаттау құжаттарын ғана сұраймыз және оны онлайн аламыз. Ұшақ келіп қонған кезде жүкті рәсімдеуге және бөлуге қажетті құжаттар толық қолымызда болады. Біз бұл жүкті тежемей бір күннің ішінде жолай кетіп бара жатқан көліктермен өңірлерге жібереміз. Қазіргі уақытта кешеуілдеу жоқ. Осы режимде гуманитарлық жүктерді ешқандай проблемасыз жіберуге тырысамыз. Бұл бізде басымдық болып отыр», - деді Ерхат Есқалиев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Ал ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова гуманитарлық жүктерді рәсімдеуге арналған құжаттар тізімі өзгермегендігін айтады. Дегенмен, гуманитарлық жүкті тасымалдауға бір реттік рұқсат беру процедурасы жеңілдетілген.

«СК-Фармация» бірден гуманитарлық жүктерді таратады. Тіпті кей жағдайларда жүк қоймамызға да түспей жатады. Әуежайдан бірден жөнелтіледі. Қазіргі уақытта рұқсат беру құжаттары барынша жылдам беріледі», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар