Халық санағының нәтижесі қашан жарияланады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов ұлттық халық санағының нәтижесі қашан жарияланатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықты ақпараттандырудың барлық арналарында ұлттық санақты жария ету үшін ауқымды бұқаралық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүкіл ел бойынша халық санағын өткізуге арналған 3 500-ден астам арнайы пункт жұмыс істеді.

1446 нөмірі бойынша арнайы call-орталығы тәулік бойы жұмыс істеді», - деді Н. Айдапкелов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Спикердің айтуынша, ел тұрғындарынан 500 мыңнан астам өтініш түскен. Ал респонденттерге 25 млн астам SMS-хабарлама жіберілген.

«Бюро алынған деректерді өңдеуге кірісті және алдын ала деректерді биылғы желтоқсан айында ұсынуды жоспарлап отыр. Іс-шаралар жоспарына сәйкес, санақтың қысқаша қорытындылары 2022 жылдың ортасына жоспарланған және 2023 жылдың 1-тоқсанында санақтың толық қорытындысын жариялауды жоспарлап отырмыз», - деді Н. Айдапкелов.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Ұлттық халық санағы аяқталды. Онлайн сауалнамадан халықтың 42,5% өтті, ал жаппай аралап шығу арқылы 57,5% адам санақпен қамтылды.

Сонымен бірге, Премьер-Министр қазақстандықтарға осы маңызды науқанға белсенді қатысқан үшін, сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері мен осы науқанға жұмылдырылған азаматтарға атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.


Соңғы жаңалықтар