Халықаралық іздеуде жүрген ресейлік Ақтөбеден табылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе полициясы шетелдіктерді тексеріп жатыр. Тексеру кезінде ресейліктің халықаралық іздеуде жүргені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде полиция қызметкерлері 1-14 қазан аралығында шетел азаматтарын тексеріп жатыр. Алғашқы күндері Өзбекстан Республикасының 25 азаматы және Ресей Федерациясының 2 азаматы бөлімшеге жеткізілді. Олардың 21-і көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.

«Полиция қызметкерлері халықаралық іздеуде жүрген Ресей Федерациясының екі азаматын ұстады. Ақтөбе қаласында тұратын 29 жастағы ресейлік Қылмыстық кодексінің 158-бабының 2-бөлігі («Ұрлық» бабы) бойынша іздеуде болған. Сондай-ақ, Дағыстан Республикасы Махачкала қаласының полиция қызметкерлері іздеп жүрген 35 жастағы тұрғын табылды. Ол да Ақтөбе қаласында тұрады», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Сонымен бірге полиция әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп жатыр. Тыйым салынған діни материалдарды мессенджерлерге сақтағандар да анықталды.

«Ақтөбе қаласының 35 жастағы тұрғыны өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында деструктивті бағыттағы діни сипаттағы аудио және бейне материалдарды жариялады. Ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 453-бабы 1-бөлігі (Бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін, сол сияқты өзге де өнімді Қазақстан Республикасының аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату) бойынша әкімшілік жауапқа тартылып, 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды», — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар